Украинада жасалған бөлшегі қирады. Ресей Байқоңырдан зымыран ұшыруды уақытша тоқтатпақ

1133
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/RrkNW7OBBAdiXuheKj3D9thQZbwV37OYlnmIKrlF.jpg

Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-28» ғарыш кемесін ұшыру кезінде стартқа қажет техникалық құрылым зақымданған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы «Коммерсант» басылымына сілтеп.

Оқиға 27 қараша күні ғарыш кемесін ұшыру кезінде болған.

БАҚ мәліметінше, жөндеу жұмыстары алты айдан екі жылға дейін созылуы ықтимал. Осы уақыт аралығында Ресей Байқоңырдан зымыран ұшыра алмауы мүмкін.

«Роскосмос» өкілдері апат фактісін растады. Ұшыру барысында зымыран тасығыш қозғалған сәтте жылжымалы қызмет көрсету кабинасын жұлып кеткен. Салдарынан құрылғы шамамен 20 метр биіктіктен құлап, қатты зақымданған.

Ресей ғарыш федерациясының мүшесі Александр Хохловтың айтуынша, тұғырды қалпына келтіру оңай шаруа емес.

«Жаңасын жасауға өте көп уақыт кетеді. Бұрын мұндай тұғырлар мен қызмет көрсету кабиналары Украинадағы Краматорскіде өндірілген. Қазір Ресейге оны нөлден бастап қайта жасауға тура келеді», – деді ол.

Сонымен бірге Хохлов балама шешім бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанға музейлік экспонат ретінде берілген Гагарин тұғырының кабинасын уақытша пайдалану мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін.

«Кабина жақсы сақталған. Егер Ресей Қазақстанмен келісімге келсе, оны орнату аса көп уақыт пен қаржыны қажет етпейді. Алайда бұл тәсілдің өзі 2026 жылдың жазына дейін созылуы ықтимал», – дейді маман.

Ал сарапшы Георгий Тишкин зақым көлемі әлі толық анықталмағандықтан, жөндеу мерзімі одан да ұзақ болуы мүмкін екенін айтады.

«Қай бөлшектер бүлінгені нақты белгілі емес. Соған байланысты қалпына келтіру жұмыстары бір жарым жылдан екі жылға дейін созылуы ықтимал», – деді ол.

БАҚ мәлімдемесінше, айлақтың істен шығуы Халықаралық ғарыш станциясының (ХҒС) жоспарлы жұмыстарына да әсер етті. Енді ғарышкерлерді алмастыру және жүк жеткізу мәселесі АҚШ-пен келісім арқылы жүзеге асырылуы мүмкін, қызмет ақылы болады.

Yorumlar
Diğer Haberler