Купянсктағы күрделі ахуал. Зеленский алғы шепті көзбен көрді

173
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ld4knVYeIvnOyTzoWhhesFSajC0XVuVrmf5uba7B.webp

Украина президенті Владимир Зеленский Украинаның Қарулы күштері күрес жүргізіп жатқан ең қиын аймақтардың бірі — Купянск бағытына барды. Ол сапары туралы Харков облысындағы Купянск қаласына кіреберісте түсірілген видеоны Telegram-арнасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

Зеленскийдің айтуынша, украиналық әскери бөлімдер бұл бағытта маңызды нәтижелерге қол жеткізуде.

«Бүгін — Купянск бағыты. Мұнда Украина үшін нәтижеге жетіп жатқан біздің жауынгерлеріміз бар. Ресей тарапынан бұл қала туралы көп мәлімдеме айтылды. Біз шынайы жағдайды өз көзімізбен көріп отырмыз. Әскерилермен кездесіп, қолдау білдірдім», — деді президент.

20 қарашада Ресей Қорғаныс министрлігі Бас штабының бастығы Валерий Герасимов Владимир Путинге ресейлік әскердің Купянскіні бақылауға алғанын баяндаған. Ал 2 желтоқсанда Ресей президенті қалада украиндық топ қоршауда қалғанын және ресейлік әскерлер «оны жоюға кіріскенін» мәлімдеді. Путин шетелдік журналистерге жағдайды көзбе-көз көру үшін Купянскке баруға кеңес берген.

12 желтоқсанда украиналық OSINT-жоба DeepState Қарулы күштердің Купянск маңында қарсы шабуылға шыққанын және қаланың солтүстік-батыс бөлігін қайтарып алғанын хабарлады. Тәуелсіз әскери шолушылардың деректерінше, украиндық күштер ресейлік әскерлердің Купянскіні штурмдау әрекеттеріне қайтадан елеулі қиындықтар туғызған.

Купянск бағытындағы жағдай екі тарап үшін де стратегиялық маңызын жоғалтпай отыр. Әскери бақылаушылар бұл аймақтағы шайқастардың алдағы апталарда да жалғасатынын болжауда.

Yorumlar
Diğer Haberler