Депутат КҚК-ға шабуылды ақтағандарды жазалауды сұрады

538
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hVTMJTVfyfOVkZVPX4fwSZPxsAHJqbHybfibuVkS.jpg

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әлеуметтік желілерде Каспий құбыр консорциумының терминалына жасалған шабуылды қолдаған азаматтарды жауапкершілікке тартуды талап етіп, Бас прокурор мен Мәдениет және ақпарат министріне үндеу жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұған дейін қазнет қолданушылары мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысанына жасалған шабуылдарды ашық түрде ақтаған еді. Мәжіліс депутатының пікірінше, мұндай әрекеттер сөз бостандығына берілетін конституциялық құқық шегінен асып, ұлттық мүдделерге тікелей зиян келтіреді.

Айдос Сарым Бас прокуратурадан аталған жарияланымдарға құқықтық баға беріп, оларды терроризмді насихаттау (ҚР ҚК 256-бабы) немесе мемлекеттік опасыздық (ҚР ҚК 175-бабы) ретінде қарастыруды сұрады. 

Сонымен қатар ол халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұнай құбырлары мен елдің экономикалық қауіпсіздігі үшін аса маңызды өзге де инфрақұрылым нысандарын жоюға шақыратын ақпаратты таратуға болмайтынын түсіндіруді ұсынды.

Айта кетейік, КҚК — Қазақстан мұнайын экспорттаудың негізгі бағыты. Ел жыл сайын осы құбыр арқылы кемінде 60 миллион тонна мұнай жөнелтеді. Қазіргі уақытта Қазақстан шабуылдан кейінгі шығындарды есептеп жатыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, Қазақстан шабуыл салдарынан кем дегенде 480 мың тонна мұнай өндіре алмай қалған.

Еске салайық, 29 қарашада Астана уақытымен 06:06-да Новороссийск порты ауданында КҚК-ның теңіз инфрақұрылым нысандарына экипажы жоқ жүзу құралдары арқылы шабуыл жасалған еді. Шабуыл нәтижесінде теңіздегі қашықтағы айлақ қондырғысы ВПУ-2 (қалқымалы тиеу құрылғысы) айтарлықтай зақымдалған.

Yorumlar
Diğer Haberler