Куәліксіз мас жүргізуші 4 көлікті соғып, балалар алаңы қоршауын қиратты

262
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/uDWNqXieUSTxsD6zijlwGwZNgBeGSNG7pMjEeZ90.webp

Ақтау қаласында көлік жүргізу куәлігі жоқ мас жігіт ірі жол апатын тудырды. Салдарынан төрт бірдей автокөлік зақымданып, темір тұлпарлар тізбекті реакция арқылы бір-біріне соғылған, деп хабарлайды “Адырна” порталы Lada.kz басылымына сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғасы 10 қаңтар күні кешке Ақтаудың 8-шағынауданында болған. 26 жастағы жүргізуші тізгіндеген Haval Jolion көлігі жол жиегінде тұрған көліктерді бірінен соң бірін іліп кеткен.

Алдымен Haval Jolion тұрақта тұрған Toyota RAV4 көлігіне соғылған. Соққы салдарынан Toyota алдындағы Kia Ceed көлігін итеріп жіберген. Ал Kia өз кезегінде Mercedes-Benz автокөлігіне барып соғылған. Тізбекті апаттан кейін тәртіп бұзушы тоқтамай, балалар ойын алаңының қоршауын да қиратып өткен.

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері заң бұзушыны бірден ұстап, нарколог мамандарға тексеруге жіберді.

«Медициналық куәландыру нәтижесінде 26 жастағы азаматтың жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды. Сондай-ақ, оның көлік жүргізуге ешқандай құқығы жоқ екені, яғни жүргізуші куәлігін алмағаны белгілі болды», — делінген полиция мәліметінде.

Жол апаты салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Тек көлік иелеріне айтарлықтай материалдық шығын келді.

Қазіргі уақытта Haval Jolion көлігі айып тұрағына қойылды. Іс материалдары тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Кінәлі азаматты көлікті куәліксіз әрі мас күйде басқарғаны үшін ірі көлемде айыппұл немесе әкімшілік қамау күтіп тұр. Оған қоса, ол бүлінген төрт көлік пен ойын алаңының шығынын өз қалтасынан өтеуге тиіс.

Yorumlar
Diğer Haberler