«Дардай» қандай роман?

106
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SXjvAQEQgHqbAEg8m97m2DJwTIo0mEcsGJVQs4VI.png

«Қазақ кітабы және нарық» деген аса зор проблема 30 жылдан бері шешілмей келеді. Жұрттың бәрі де қаламгерлердің билік тендермен шығаратын 1-2 мың тиражбен шығатын кітабын місе тұтып, ол қолында барлардан атан-түйедей сұрап алатын күйге ұшырады.

Міне, осыны ескермей, былайғы жұрт «қазақ кітап оқымауға айналды» деп қара аспанды төндіретін күйге жеттік. «Ұра берсең Құдайда өледі» демекші, қазақ жұртының санасына осы пікір әбден сіңіп те кетті. Қазақ кітап оқымайды емес, нарықтағы жағдай оқытпайды деген жөн сөзді ұғатын жан табылмайтын болды.

Осы догманың сеңін белгілі ақын, әрі қарымды да, алымды жазушы Ақберен Елгезек «Дардай» романымен бұзды. 

Бұған дейін Ақберен бауырымыз прозада өзінің бағын сынап, «Болмаған балалық шақ» романымен әдеби төңкеріс жасағанын да осы орайда айта кетпекпіз. Артынша, бір жылда үш бірдей театрда спектакль қойылып, әлі күнге жұрт жапырылып баратын аншлаг қойылым боп келеді. 2025 жылдың көктемінде шығармамен аттас кинотуынды да үлкен экрандарға шығып, 1,5 ай айналымнан түспей, табысты киноөнімге айналды.

«Болмаған балалық шақ» тырнақалды туындысымен прозадағы бағын сынаған Ақберен Елгезек енді қазақ оқырманына «Дардай» романын ұсынып отыр. Атақты колумбиялық Маркестің «мені баспагерлер аш қалдырмайды» деген  сөзін, Ақберен «Мені, ұлт қаламгері ретінде заманалық АІ мен ІТ аш қалдырмайды» деп мәдени ұран тастады. Неге біз «мәдени ұран тастады» деп отырмыз!?

Иә, қай газетті ашып қалма, қай сайтты басып қалма  кітабын оқырманға жеткізе алмай зарлаған қаламгерлер қауымынан аяқ алып жүре алмайсың. Тіпті АІ мен ІТ-ді атша ерттеп мінуге тиіс жастарға да осы ауру, осы зарлауықтық дерті жұғыпты. «Кеңестік кезеңде 100 мыңды еңсеруші едік, қазір 1-2 мыңдық тендерге телміріп қалдық», дейтін ақсақал жазушылар бұны айтса құба құп дер едің? Осыған дейінгі бастықтар мен бизнесмендердің табалдырығын тоздырып, «кітабымды шығарып бер» дейтін тіленкештік адам жиренетін жаман әдеттен арылуға жасалған алғашқы қадамды ұшыратқанда шынын айту керек қуандық.

«Дардай» романы өлі қазақ кітап нарығының бойына қан жүгіртті. Қазақ кітап нарығы деген қураған терекке жан бітірді. Және ең бастысы жалпыалаштық «тұтынушылық» нарығында кітапқа деген сұраныстың бар екенін тамыршыдай тап баса білді. Өзге әріптестері аңғармаған дүниені бірінші болып байқады.

Қазақтың табиғаты қашанда ешкім қолмен ұстап көрмеген, бірақ аты мен атағын сырттай білетін нәрсенің өзінде болуын қалаушылықтан тұрады. Бұны бизнес тілімен «тұтынушылық қасиет» деп атайды. Иә, нарық қазақ өміріне кіргелі ұлтымыз тек брендке айналған дүниелерді ғана тұтынып, қалғандарын менсінбейтін болды. Кітапты да тап сондай қылып, өзінің ойлы оқырманына әзірге тек Ақберен Елгезек қана ұсына алды.  

Жазушылар арасында да: «Бәріміз де кітап шығарып көріп едік, бірақ онлайн сатуға қойғанды бірінші рет көрдіктің» дәуірі туды. Оны туғызған Ақберен Елгезектің «жазып шығу маған – серт, онлайн сатылсаң саған – серт» деген алапат туындыгерлік тірлігі.

Телеграм платформасында Ақберен Елгезек жасақтаған онлайн кітап дүкені әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері едәуір талқыға түсті. Жалпы жұрт авторға құтты болсын айтып, романға сәттілік тілеп жатты. Ал осы күндері халық құр құттықтаумен шектелді ме, сатылымның жағдайы қалай деген сұрақтар мазалаған соң, Ақберен Елгезектің өзіне хабарласқан едік.

Аға, роман құтты болсын! Телеграм канал ашыпсыз. Роман қалай өтіп жатыр?

Аллаға шүкір, Телеграм арнамызға оқырман өте белсенді кіріп, кітап саудасын қызу жасап жатыр. Шамалап осындай болатын шығар дегеннен де асып түсті. Жұрт жаңа шығармаға сусап қалған сияқты. Оның үстіне қазір жаңадан шыққан кітаптар оқырманға мүлде жетпейді. Сосын іші пысқанның бәрі «халық кітап оқымайды» деп жазықсыз кінәлап жатады. Оқырманға кітапты алуға жағдай жаса, сосын оқымаса, ренжуге болады. Ал мені оқырман ешқашан ренжіткен емес. Өлең жазып, әлеуметтік желіге салсам, орта есеппен 40-50 мыңнан астам оқырман оқиды деген статистика аламын. Бұны кітабың осындай мыңдаған таралыммен оқылды деуге болады.  Ал «Болмаған балалық шақ» әртүрлі форматта, кітап түрінде болсын, онлайн түрде болсын, пираттық таралыммен тарағаны болсын, шамамен 1 миллионнан астам адам оқыды. Өйткені қайда барсам, осы кітапты оқыдым деген адам алдымнан көп шығады. Киноны көрген адамның қарасы одан көп. Киноны көре алмай қалғандар, «қайдан көре аламыз?» деп сұрап жатады. Сондықтан ол киноны да осы арнаға жүктеп, көрерменге қол жетімді етіп қойдық. Біздің баспа шығарған «Болмаған балалық шақ» кітабының ресми таралымы бүгін 50 000 данадан асты. «Каспи дүкеннен» күніне кем дегенде 10-15 дана сатылады. Бұл мені автор ретінде әрине қуантады әрі жаңа шығармаларға шабыттандырады. Ал енді «Дардайға» келетін болсақ, жаңа роман жазылды, Телеграм каналға шықты деген күннен 2 тәулік өтпей, 100 ден астам электрондық нұсқасы сатылып кетті. Одан бөлек бұл арнаға қойылған «Болмаған балалық шақ» кітабы мен кинофильмі де осыған жақын нәтиже көрсетті. Әлі жұрт толық білмей жатыр ғой, әбден біліп алған соң, кітаптың электрондық нұсқасының сатылымы болашақта айына 3000 данадан асады деп сеніп отырмыз. Әрине оған жұртты шаршатып алмай, нәзік маркетингтік қадамдар жасаймыз. Онлайн дүкен ашып қойып, жұмыс істемей қолыңды қусырып отыра беруге болмайды. Бұл – нарық. Нарық болғасын, оның барлық заңдылықтарын зерттеп, талабына көніп, соған сай әрекеттер жасау керек. Нан сатсаң да – сол, кітап сатсаң да – сол заңдылықтар. Тек жалықпау керек. Шаршадым демеу керек. Кітабын өтпесе, оған мемлекетті я қоғамды кінәламай, тек өзіңді жүндей түтуге тиіссің. Сонда ғана көзқарасың, санаң өзгеріп, нақты қадамдар жасап, қимылдай бастайсың. Менің айтарым сол.  

Рахмет, аға! Алдағы шығармашылық жоспарларыңыз қандай?         

Амандық болса, осы жылдың ақпан айының аяқ жағында оқырманға тағы бір кітап ұсынбақшымын. Бұл енді әдеби туынды емес. «Ясауи тариқатының жауһар сырлары» атты рухани-танымдық еңбек болады. Одан кейін балаларға арналған тағы бір кітабымды көктемге таяу шығарсам деген ой бар. Осы екі кітапты ұсынып болған соң, оқырманнан рұқсат сұрап, бір жылға жаңа романымды жазуға апаныма қайтадан кіріп кетсем деп отырмын).   

Сәттілік, аға!

Аман болыңдар!

Yorumlar
Diğer Haberler