Temu Техас штатында бұғатталды

22
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/KgvwMYGnW4EQc2ButgmxrkqgPNWU75Z1BpZ0QVkD.jpg

Фото: Fox7austin.com

Танымал қытайлық маркетплейс Temu Техас штатында бұғатталды. Енді бұл қосымшаны мемлекеттік қызметкерлерге пайдалануға және штаттың меншігіндегі құрылғыларда ашуға тыйым салынды.

Техас губернаторы Грег Эббот мемлекеттік қызметкерлерге қытайлық маркетплейстер — Temu, PinDuoDuo және Shein-ді пайдалануға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Онлайн-дүкендермен қатар, TP-Link, Xiaomi, CATLжәне басқа да қытайлық электроника брендтерін қолдануға шектеу қойылды. Сондай-ақ қытайлық жасанды интеллект сервистері мен боттар да бұғаттауға ілікті.

Эббот бұл шектеулердің себебін техастықтардың жеке деректерінің қауіпсіздігімен түсіндірді. Штат билігі мемлекеттік қызметкерлер мен қарапайым тұрғындардың деректеріне шетелдік мемлекеттердің қол жеткізуін шектеу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

«Пайдаланушылардың жеке деректері жасанды интеллект және басқа да қосымшалар мен жабдықтар арқылы жиналып, оларды пайдалану, манипуляция жасау арқылы пайдаланушылардың құқықтары бұзылады», – деді губернатор.

Қазіргі таңда АҚШ-та Temu-ға қарсы бірнеше сот ісі қаралуда. Маркетплейс, соның ішінде, жеке деректерді заңсыз жинады және пайдаланды деп айыпталып отыр.

Аризона штатының бас прокуроры Крис Мэйес Temu қосымшасы жеке деректердің «шок тудыратын көлемін», оның ішінде геолокацияны және смартфонда орнатылған басқа қосымшалар туралы ақпаратты жинайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін БАҚ Temu қосымшасының қазақстандықтар үшін де қауіпті болуы мүмкін екенін жазған. Бағдарлама шпиондық сипатта жұмыс істеп, жеке деректердің үлкен көлемін жинап, оларды Бейжіңге жіберуі ықтимал екені айтылған. Сондай-ақ Temu өзінің бас компаниясы арқылы People’s Data компаниясымен тікелей байланысты екені хабарланған. Ал бұл компания іс жүзінде Қытай Коммунистік партиясы мен Орталық комитеттің құрылымдық бөлімшесі саналады.

Қазақстандық БАҚ-та Temu қосымшасын орнату кезінде шамадан тыс көп рұқсат сұрайтыны да айтылған. Атап айтқанда, камераға, микрофонға, байланыстар тізіміне, геолокацияға, IP-мекенжайға, басқа пайдаланушылармен өзара әрекеттесуге және өзге де деректерге қол жеткізуді талап етеді. Бұл рұқсаттардың көбі әдеттегі онлайн сауда үшін қажет емес.

Сарапшылар Temu-дың құпиялылық саясаты жеткілікті деңгейде ашық емес екенін және деректердің нақты қалай пайдаланылатынын егжей-тегжейлі түсіндірмейтінін атап өтуде. Осыған байланысты платформа пайдаланушылардың деректерін үшінші тұлғаларға сату немесе беруі мүмкін деген күдік бар.

Yorumlar
Diğer Haberler