Қазақстанда тіркелген компания да бар. АҚШ-тың Иранға жаңа санкциясы

240
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/0YDegQh9ep4PPM9dYPA5voMW2YxRczno578tB8Yn.jpg

АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Иран мұнайын Қытай Халық Республикасына миллиондаған баррель көлемінде заңсыз жеткізуді ұйымдастырған халықаралық желіге қарсы санкциялар енгізді. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Ресми ақпаратқа сәйкес, мұнай тасымалы Иран Қарулы күштері Бас штабының (AFGS) және оның санкцияланған бүркеншік компаниясы — Sepehr Energy Jahan Nama Pars арқылы жүзеге асқан. Мұнайдың жалпы құны жүздеген миллион доллармен бағаланады. Санкция тізіміне Қытай, Үндістан және Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген компаниялар мен жеке тұлғалар, сондай-ақ бірнеше мұнай танкері енгізілді.

АҚШ билігінің мәліметінше, Иран мұнай экспортынан жыл сайын миллиардтаған доллар табыс тауып, бұл қаражатты аймақтағы тұрақсыздандырушы әрекеттерге және ХАМАС, хуситтер мен «Хизболла» сияқты қарулы топтарды қолдауға жұмсап отыр. Иран Қарулы күштері Бас штабы мұнайды сату және тасымалдау үшін шетелдік бүркеншік компаниялар мен делдалдар желісін пайдаланған.

АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, Иран билігі мұнайдан түскен табысты ядролық бағдарламаны дамытуға, баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіруге бағыттап келеді. Оның сөзінше, АҚШ Иранның мұндай әрекеттерін қаржыландыруға жол бермеу үшін экономикалық қысымды күшейтуді жалғастырады.

Санкция аясында бұрын ANTHEA деп аталған, қазір SIRI атауымен белгілі танкер ерекше аталды. Кеме Сингапур жағалауында ирандық мұнаймен ұсталған. Тергеу барысында танкердің атауын жасыру және теңіз құжаттарын қолдан жасау фактілері анықталған. Кеменің капитаны, Иран азаматы Араш Лавиан да санкция тізіміне енгізілді.

Сондай-ақ 2024–2025 жылдары Sepehr Energy Иран мұнайын Қытайға жеткізу үшін бірқатар кемелерді пайдаланған. Атап айтқанда, GIOIOSA кемесінің менеджері әрі операторы ретінде Гонконгта тіркелген Ocean Dolphin Ship Management Ltd қызмет атқарған. Ал OXIS кемесінің техникалық менеджері Қазақстанда орналасқан және Сейшель аралдарында тіркелген Umbra Navi Ship Management Corp (Umbra Navi) болған.

Бұдан бұрын 2025 жылы Ресейге қатысты санкцияда да Umbra Navi Ship Management Corp компаниясының аты аталған еді. Сондай-ақ санкцияға компанияға тиесілі Oxis кемесі де ілінді.

Сонымен қатар, Үндістанда тіркелген Marshal Ship Management Private Limited компаниясы санкцияға ілікті. Компания Sepehr Energy-мен байланысты кемелерге экипаж ұсынған және жалған құжаттарды рәсімдеуге қатысқан деп айтылады. Компания директоры Райан Ксавьер Аранья да шектеу шараларына ұшырады.

АҚШ Қаржы министрлігі Sepehr Energy-ге қарасты бірнеше ирандық компания мен олардың басшыларын да санкция тізіміне енгізді. Бұдан бөлек, Иран мұнайын тасымалдауға қатысқан бірқатар танкерлердің АҚШ аумағындағы және АҚШ бақылауындағы активтері бұғатталды.

Санкцияларға сәйкес, аталған тұлғалар мен ұйымдардың АҚШ-тағы барлық мүлкі бұғатталады, ал АҚШ азаматтары мен компанияларына олармен кез келген қаржылық немесе коммерциялық мәміле жасауға тыйым салынады. Санкция талаптарын бұзғандар азаматтық немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

АҚШ билігінің мәлімдеуінше, бұл шаралардың мақсаты — жазалау емес, Иранның халықаралық құқыққа қайшы әрекеттерін тоқтатып, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ Иранмен өткен келіссөздердің жаңа кезеңінен кейін бірнеше сағат ішінде Тегеранға қарсы жаңа санкциялар енгізгенін хабарладық.

Yorumlar
Diğer Haberler