Айыппұлы 100 мың долларға таяған. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзғандар жазаланды

171
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IKrUc6eJvkdt677xeJSAMIHkIft8un8i7aD9m59f.jpg

2025 жылы Қазақстанда мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзған мемлекеттік қызметкерлерге жалпы сомасы 99,3 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (МҚІА) мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

Агенттіктің дерегінше, жыл ішінде 442 лауазымды тұлғаға қатысты 917 әкімшілік хаттама толтырылған. Құқықбұзушылықтар негізінен мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін сақтамау, рұқсат құжаттарын беру тәртібін бұзу және азаматтарға қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту жағдайларымен байланысты.

Жауапкершілікке тартылғандардың 375-і жергілікті атқарушы органдарда, ал 67-сі орталық мемлекеттік органдарда қызмет еткен.

Қаржылай жазаға қоса, 1 636 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың 1 331-і жергілікті әкімдіктердің, 305-і министрліктер мен орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері. Тәртіптік шара қолданылғандардың 27,3 пайызы басшылық лауазымда болғаны атап өтілді.

2025 жылы мемлекеттік қызмет көрсету саласында жалпы саны 478 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Оның 130 751-і орталық мемлекеттік органдарда, ал 347 692-сі жергілікті деңгейде тіркелген. Ең жиі кездескен бұзушылық — қызмет көрсету мерзімдерінің сақталмауы, мұндай жағдайлар 147 105 рет тіркелген.

Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 12 340 азаматтың құқығы қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты 2 737 шағым түскен. Шағымдардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың және жер қатынастары саласындағы ұйымдардың жұмысына байланысты болған. Осы өтініштер негізінде 481 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 233 азаматтың құқығы қорғалды.

Жалпы алғанда, агенттік жыл бойы 4 316 бақылау іс-шарасын өткізген. Нәтижесінде 720 ресми ұсыныс пен 2 164 ұйғарым шығарылып, олардың 2 026-сы толық орындалған.

Yorumlar
Diğer Haberler