«Ұлттық бірлік пен прогресс» туралы заң: Қытайда ұлт саясаты қалай түрленуі мүмкін?

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/PgjnErrDN0mgaEbefeA5zrM1YVlszFn2EzfiePHl.jpg

Фото: Синьхуа 

Шығыстағы көршіміздің әлеуметтік-саяси өмірінде айтарлықтай маңызы бар, нақтырақ айтқанда, Коммунистік партияның бастамасы мен тұжырымдамаларын құқықтық-нормативтік акт түрінде рәсімдеумен айналысатын Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының кезекті сессиясы 5 наурыз күні Бейжіңде жұмысын бастады. Еске сала кетейік, Қытай астанасында өтіп жатқан салтанатты жиналыс – XIV шақырылымдағы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының төртінші сессиясы.

Кезекті сессияда Қытай үкіметінің өткен жылғы жұмысынан есеп тыңдалып, «Халық шаруашылығы мен әлеуметтік дамудың он бесінші бесжылдық жоспары» қаралады, 2026 жылдың бюджеті нақтыланып, әлеуметтік-экономикалық дамудың мақсат-межесі бекітіледі. Сондай-ақ, жоспарға сәйкес бірқатар заң жобасы мақұлдануға тиіс. Соның ішінде әсіресе «Ұлттық бірлік пен прогрессті ілгерілету туралы Қытай Халық Республикасы Заңының» жобасы айрықша назар аудартады. Бұл қадам өткен онжылдықтарда өңірлерде, өте-мөте «ұлттық аумақтық автономиялық аймақтар» дейтін әжептәуір атағы бар өлкелерде жинақталған тәжірибені жан-жақты жүйелеумен қатар, «ұлттық бірлік пен прогрес» саласындағы қат-қабат жұмысты алғаш рет арнайы заңмен реттеуге бағытталған бастама болып отыр. Заң жобасының, Конституция бойынша ең жоғары мемлекеттік билік органы болып танылатын Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының кезекті сессиясында қаралуы елдегі этносаралық қатынастарды реттеу ісінің құқықтық тұрғыдан жаңа кезеңге қадам басқалы тұрғанын білдіреді. Сондықтан оқиғаның саяси астары мен ықтимал әлеуметтік салдары мұқият қарастыруды, терең саралауды қажет етеді. Бүгінгі сөз осы төңіректегі ойларымыздың бір парасы ғана.

Ұлттық бірлік туралы өңірлік құқықтық бастамалардың көш басында Шыңжаң ұйғыр автономиялық районы тұр. Қытай аумағының алтыдан бір бөлігін алып жатқан ШҰАР 2009 жылғы желтоқсанда «Ұлттық бірлік жөніндегі тәлім-тәрбие жұмысы туралы Ережені» қабылдады. 2015 жылы құжат қайта қаралып, «Шыңжаң ұйғыр автономиялық районының ұлттық бірлік пен прогрес жұмысы туралы ережесі» деп аталды. Осы түзету құжаттың құқықтық аясын кеңейтумен қатар, өзге өңірлердегі осы секілді заңнамалық бастамалардың жандануына серпін берді. Ізінше Юньнань, Гуйчжоу, Гуанси, Нинся, Цинхай сияқты провинциялар мен автономиялық райондар да осы бағытта бірқатар нормативтік құжаттарды бекітті. 2020 жылғы қаңтардан кейін бұл үрдіске Тибет пен Ішкі Моңғолия автономиялық райондары да қосылды, «Тибет автономиялық районының ұлттық бірлік пен прогресс бойынша үлгілі аймақ құру туралы ережесі» мен «Ішкі Моңғолия автономиялық районының ұлттық бірлік пен прогрессті ілгерілету туралы ережесі» арнайы актілер ретінде қабылданды. Осы айтылған жергілікті құқықтық құжаттар этносаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ұлт саясатының құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталды. Осы бағыттағы ізденістер мен ұмтылыстар қазіргі күнде мемлекеттік деңгейде қаралып, пысықталып жатқан заң жобасының әзірленуіне тәжірибелік негіз қалады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, ұлттық бірлік пен прогресс туралы заң жобасын әзірлеу — ұлт саясатын нығайту мен жетілдіру жөнінде ҚКП ОК-нің Бас хатшысы Си Цзиньпин ұсынған маңызды тұжырымдамалар мен Партия Орталық комитетінің тиісті шешімдерін іске асыруға бағытталған келелі шара; қытайлық біріңғай этникалық қауымдастық туралы сана-сезімді нығайтып, ұлттық бірегейлікті бекемдеудің өзекті талабы; білек пен тілекті қытайлық модернизацияны ілгерілетуге жұмылдырып, елдегі барлық этносты қатар өркендетудің шынайы қажеттілігі; құқық үстемдігі қағидасын іске асырып, этносаралық қатынастарды реттеу жүйесі мен басқару құзыреттілігін құқықтық арнада қайта жаңғыртудың объективті талабы деп түсіндіріледі.    

Қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, Заң жобасы кіріспе бөлім мен жеті тараудан, барлығы 62 баптан тұрады. Нақтырақ айтқанда, кіріс сөзден бөлек жеті тарау тиісінше жалпы ережелер, ортақ рухани кеңістік қалыптастыру, өзара байланыс пен ықпалдастықты (интеграция) дамыту, бірге өркендеу мен дамуды ілгерілету, қамтамасыз ету және қадағалау, құқықтық жауапкершілік және қосымша ережелер деп аталады.

Бірден айту керек, заң жобасының қатып-семген, бірізді идеологиялық шеңберді онан сайын орнықтыра түсуге бағытталғаны байқалады. Кіріспеде айтылуынша, Қытай – жер жүзіндегі тарихы ең терең елдердің бірі, қытайлық ұлт (чжунхуа миньцзу) – өркениетінің тарихы бес мың жылдан кем емес ұлы халық. Заң мәтіні бойынша, елдегі түрлі этностар ұзақ ғасырларға жалғасқан өзара байланыс пен ықпалдастықтың нәтижесінде ортақ отанның байтақ жерін бірге игеріп, көпұлтты және біртұтас мемлекеттің іргесін бірге кеңейткен, Қытайдың бай тарихы мен жарқын мәдениетін бірге айшықтап, ұлттың ұлы рухын бірге асқақтатқан, сөйтіп, қаны бір, мұраты ортақ, мәдениеті жақын, шаруашылығы өзара тәуелді, мінез-құлқы орайлас ортақ тағдыр қауымдастығы болып қалыптасқан. Біздің байқауымызша, соңғы жылдары Қытай билігінің осы ұстанымы ресми дискурста нығая түскен және осыған байланысты күштеп ассимиляциялаумен ерекшеленетін ұлт саясаты да жыл өткен сайын қатайып келеді.

Заң жобасына сәйкес, «қытайлық біріңғай этникалық қауымдастық туралы сана-сезімге» негізделген идеологиялық қырсау білім, дін, тарих, мәдениет, туризм, БАҚ және интернет кеңістігі сияқты барлық салада жүйелі түрде орнығуға тиіс. Мысалы, заңның 14-бабында барлық деңгейдегі үкіметтер әлеуметтік нысан, сәулет жобасы, туристік көрме экспозициясы және жер-су атаулары секілді түрлі аспектілерде «барлық этностың ортақ иелігі мен ортақ игілігі саналатын қытай мәдениетінің (чжунхуа вэньхуа) рәміздері мен қытайлық ұлттың бейнесін айқындау мен көрнекілендіруге» міндеттелген. Басқаша айтқанда, әр халықтың өзіндік болмысы мен өзгеше келбетін танытатын мәдени-этникалық белгілер ендігі жерде ресми биліктің емеурінімен бекітілген «ортақ символикаларға» орын беруге тиіс. Сондай-ақ көкейімізде тарихи топонимдер жаппай өзгеріске түспей ме деген алаңдаушылық та бар екенін жасыра алмаймыз.  

Заң жобасында «қытайлық біріңғай этникалық қауымдастық туралы сана-сезімді» қала жоспары, экономикалық саясат және ұлттық қауіпсіздік ұғымдарымен ұштастыру талап етіледі. Мысалы, 23-бапта жергілікті әкімдіктер «қытайлық біріңғай этникалық қауымдастық туралы сана-сезімді нығайту талабын қаланы жоспарлау, дамыту, басқару және сервистік қызмет көрсетудің бүкіл үрдісімен сабақтастырып, қала мен ауыл құрылысы, демографиялық саясат, тұрғын үй саясаты, жұмыспен қамту, әлеуметтік қызмет көрсету сияқты салаларда нақты шаралар қолдану арқылы халықтардың береке-бірлігін нығайтуға тиіс» деп көрсетілген. Осының ішінде тұрғын үй саясаты туралы айтар болсақ, осыдан шамасы он шақты жыл бұрын ШҰАР-да дәстүрлі махаллалар жүйесін жойып, «өзара кіріккен әлеуметтік құрылым» қалыптастыруға бағытталған реттеу шаралары қолданысқа енгізілгені есімізде. Ол бойынша азаматтардың, әсіресе этникалық азшылық өкілдерінің үй сатып алу еркіндігі шектеліп, жергілікті ұлттық азшылықтар мен этникалық қытайлар «өзара кіріктірілген қоныс ортасын» қалыптастырудың біріңғай жоспары басшылыққа алынатын. Заң жобасының 34-бабында мемлекет ұлттық аймақтарды «шекаралық қауіпсіздікті, ресурстық-энергетикалық қауіпсіздікті, азық-түлік қауіпсіздігін және экологиялық қауіпсіздікті қорғау бойынша тиісті міндеттемелерді мойынға алуға ынталандырады» делінген. 40-бапта «салт-сананы өзгерту», «ілгерішіл жаңа ғұрыпты насихаттау» және неке еркіндігіне этникалық немесе діни негізде араласуға тыйым салу қарастырылған. Демек, ШҰАР секілді дәстүрлі мұсылман аймақтарында бертінге дейін сирек құбылыс болып келген аралас неке енді жаппай етек жаюы мүмкін.

Заң жобасының 12-бабында мемлекет ҚКП тарихын, ҚХР тарихын, реформа мен ашықтық кезеңінің тарихын және социализмнің даму тарихын оқыту, қытайлық ұлттың даму тарихы жөнінде терең насихат жүргізу арқылы қалың көпшілікті мемлекетке, тарихқа, ұлтқа, мәдениетке және дінге «дұрыс көзқарас» қалыптастыруға бағыттайды деп көрсетілген. 44-бапқа сәйкес, кәсіпорындар, коммерциялық емес ұйымдар, салалық ассоциациялар, қоғамдық қорлар және діни мекемелер де осы идеологиялық ұстанымды насихаттауы тиіс.

Айрықша назар аударарлық норма — 20-баптың екінші бөлігі. Онда ата-аналар мен заңды қамқоршылар кәмелетке толмаған балаларды «Қытай Коммунистік партиясын сүюге тәрбиелеуі және бағыттауы», олардың санасына «қытайлық ұлт — бір отбасы» деген түсінікті ұялатуға ден қоюы қажет және өскелең ұрпаққа «ұлттық бірлік пен прогреске зиянды» көзқарастарды насихаттауға жол берілмейтіні ескертілген. Басқаша айтқанда, ұлттық болмысты айқындап, айшықтап тұратын кезкелген ұғым мен түсінік «ұлттық бірлік пен прогреске зиянды» деген күдікпен шектелуі, отбасы тәрбиесінен шеттетілуі мүмкін. Бұның артында дәстүр сабақтастығының үзілуі тұрғаны айтпасақ та түсінікті.  

Заң жобасы кез келген ұйым мен жеке тұлғаға ұлттық өшпенділік пен этникалық кемсітушілікті қоздыруға бағытталған, мәтін, сурет және аудио-видео форматындағы ақпараттарды өндіруге, таратуға қатаң тыйым салады. 31-бапта әлеуметтік желі операторлары пайдаланушылар жариялаған контенттерге бақылауды күшейтуге, ұлттық бірлік пен прогреске нұқсан келтіруі мүмкін контенттер көзге шалыққан бойда ақпараттың таралуына жол бермейтін шұғыл шара қабылдап, тиісті құзыретті органға хабар беруге міндеттелген. Бірақ нақтылы анықтамасы жоқ әрі шекарасы айқындалмаған мұндай дүдәмал ұғымдар іс жүзіндегі құқықтық процесте, «қазаншының еркінде, қайдан құлақ шығарса» дегендей, түрліше түсіндірілуі, асыра пайдаланылуы мүмкін. Кей аймақтарда, мысалы Тибет өлкесінде партиялық-әкімшілік органдардың жұмысына сын айтқан, тілдік құқықты қорғауға шақырған, ауылдарды жаппай көшіруге күдік келтірген жергілікті тұрғындардың «ұлттық бірлікке нұқсан келтірді» деген айыппен қылмыстық жазаға тартылғаны белгілі. Ал Шыңжаңда түркі мұсылмандарының мәдениетіне жасалған қиянат пен адам құқықтарын өрескел бұзатын өзге қылмыстарды негіздеу немесе ақтау үшін жергілікті биліктің айтатын уәжі мен көрсететін дәлелі біз қарастырып отырған заң жобасымен сарындас, үндес. Мысалы, біраз жыл бұрын халықаралық қауымдастықты аяғынан тік тұрғызған атышулы концлагерлердің дәмін татқан қандастарымыздың біразы «ұлттық бірлікке нұқсан келтіретін ақпараттармен» бөліскені үшін айыпты болған жоқ па!

Заң жобасында, сондай-ақ, «Ұлттық аумақтық автономия туралы ҚХР заңымен» бекітілген «ұлттық азшылықтардың өз тілі мен жазуын қолдану және дамыту құқығын» шектеп, есесіне путунхуаға (қытай ұлтының әдеби тілі және ҚХР-ның ресми тілі) басымдық беретін нормалар көзделген. Мысалы, «Ұлттық аумақтық автономия туралы ҚХР заңында» ұлттық автономиялық органдар «жергілікті жаппай пайдаланылатын бір немесе бірнеше тіл мен жазуды қолдануға тиіс» деп көрсетілсе, қарастырылып отырған заң жобасының 15-бабында «мемлекеттік органдар кеңсе тілі ретінде жалпыұлттық ортақ тіл мен жазуды қолданады», ұлттық азшылықтардың тілі мен жазуын қолдануға тура келген жағдайда «жалпыұлттық ортақ тілдегі нұсқасы қатар ұсынылуға тиіс» деп көрсетіліп, қоғамдық орында жалпыұлттық ортақ тіл мен ұлттық азшылықтардың тілін қатар қолдануға қажеттілік туындағанда қытай тіліне басымдылық берілуі керектігі ескертілген.

Тағы айтар болсақ, «Ұлттық аумақтық автономия туралы ҚХР заңында» оқуға негізінен ұлттық азшылық өкілдерін қабылдайтын мектептер мен білім мекемелері «ұлттық азшылықтардың тіліндегі оқулықтарды пайдалануы», «оқыту процесін ұлттық азшылық тілінде жүргізуі тиіс» деп анық көрсетілген. Сондай-ақ этникалық азшылық оқушыларына «қытай тілі жағдайға қарай бастауыш мектептің төменгі немесе жоғары сыныптарында оқытыла бастайтыны» да қадап айтылған. Алайда «Ұлттық бірлік пен прогресті ілгерілету туралы заңның» 15-бабында «мемлекет жалпыұлттық тіл мен жазуды жан-жақты насихаттап, жаппай қолданысқа енгізеді, мектеп жасына дейінгі балаларға путунхуаны үйретуге ден қояды, міндетті білім алу кезеңін аяқтаған жасөспірімдердің жалпыұлттық тіл мен жазуды негізінен игеруіне жағдай жасайды; азаматтардың жалпыұлттық ортақ тіл мен жазуды үйренуі мен қолдануына ешқандай ұйым мен жеке тұлға кедергі келтірмеуі керек» делінген. Ұлттық аумақтық автономия туралы конституциялық заңмен бекітілген құқықтық нормаларды белден басқан бұл ережелер заңдар арасындағы түсініксіз процедуралық қайшылық қана емес; ол шын мәнісінде «Ұлттық аумақтық автономия туралы ҚХР заңының» заңнамалық мәртебесінің іс жүзінде жойылғанын жариялайтын және ұлттық азшылықтардың тілдік құқығына жасалып жатқан қысымды құқықтық тұрғыдан негіздеуге жол ашатын парадокстық құбылысқа айналып отыр.

Заң жобасы этникалық азшылықтардың тарихын жүйелі түрде бұрмалауға да жол ашады. Мысалы, 17-бапта «қытайлық біріңғай этникалық қауымдастық тарихының дереккөздік, дискурстық және теориялық жүйесін қалыптастыруға» мемлекеттің жағдай жасайтыны айтылған. Демек ұлттық азшылықтардың, мысалы қазақ, ұйғыр, қырғыздың тарихи жады жаңартылып, ортақ «қытайлық ұлт» туралы мифтік түсініктермен қайта қалыптастырылмақ немесе баба тарихынан хабарсыз, түп тамырынан ажыраған мәңгүрт ұрпақтың қатары көбеймек. Сонымен бірге заңда осы айтылған идеологиялық ұстанымды «ғылыми қауымдастық, үкіметтік емес ұйымдар және ғылыми орталықтар арасындағы байланыс немесе ынтымақтастық» деген атпен ел аумағынан тыс жерде, соның ішінде Тайвань тұрғындары мен шетелдегі қытай диаспорасы арасында кеңінен насихаттау міндеттелген.

Сондай-ақ 61-бапта «ҚХР аумағында емес ұйымдар мен жеке тұлғалар» егер «ұлттық бірлік пен прогреске нұқсан келтіретін» немесе «ұлттық бөлінушілікті қоздыратын» әрекеттерге барса, «заңға сәйкес жауапқа тартылатыны» атап өтілген. Шын мәнісінде бұл шетел азаматтарының, соның ішінде арғы беттегі қандастарының тағдырына алаңдаушылық білдіріп жүрген Қазақстан азаматтарының да сөз бостандығына көрсетілген дөрекі қысым, ашық құқай, тұрпайы бопса болмақ.

Тоқ етерін айтқанда, «Ұлттық бірлік пен прогресті ілгерілету туралы ҚХР заңының» жобасы ұлт саясатының жергілікті автономияға негізделген дәстүрлі моделден орталықтандырылған әрі біріздендірілген басқару тәсіліне ауысып келе жатқанын білдіреді. Бұл аса сақтықпен қарастыруды талап ететін өзекжарды мәселе.

Біріншіден, жобадағы көп мағыналы, екі ұшты және саясиланған құқықтық ұғымдар (терминдер деуге аузымыз бармайды) әкімшілік билікке этникалық азшылықтардың әлеуметтік өміріне келсе-келмес араласуға, заңды, қисынды талап-тілектерді тойтаруға мүмкіндік беретін құқықтық тетікке айналуы ғажап емес.

Екіншіден, өрескел бұрмаланған идеологиялық құрсаудың заң арқылы бекітіліп, құқықтық норма ретінде қабылдануы ҚХР Конституциясы мен «Ұлттық аумақтық автономия туралы заңда» ескерілген тілдік және мәдени әртүрлілікті қорғау қағидаттарын әлсіретуі, соның салдарынан этникалық азшылықтардың бай әрі өзгеше тарихи-мәдени мұрасы жойылуға бет бұруы ықтимал.

Үшіншіден, отбасылық тәрбие мен қоғамдық ұйымдар қызметіне саяси адалдық талабының тікелей енгізілуі жеке кеңістіктің бостандықтарының шекарасын тарылтады әрі этникалық айырмашылықтар мен шынайы әлеуметтік сұраныстардың ескерілмей, тасада қалуы этникалық азшылықтардың статустық мазасыздығын үдетіп, түптің түбінде қазіргіден де күрделі әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкін.

Сөз соңында айтарымыз, күңгірт болашақ күтіп тұрған арғы беттегі ағайындарымызға біздің тарапымыздан жасалатын жалғыз жәрдем елге оралған қандастарымыздың азаматтық алу тәртібін қолдан қиындатпау ғана. Ел тізгінін ұстаған азаматтар осыны ескеруге тиіс.

Аяу Қашаған

 

 

Yorumlar
Diğer Haberler