Асқар Маминнің туыстары Лондонда 10 млрд теңгеден асатын мүлікке ие

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AuMe00exyF9qlIX4wuhFHucFUB7zIt9fZFcrZuUK.jpg

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Асқар Маминнің туыстары Ұлыбритания астанасы Лондонда қомақты құны бар жылжымайтын мүлікке иелік етеді. Бұл туралы «Выход к морю» Telegram-арнасы жазды, деп хабарлайды Адырна.

Дерекке сәйкес, бұрынғы премьердің немере інілері Ернар мен Алибек Маминдердің Лондонда жалпы құны 15,7 миллион фунт стерлинг болатын екі пәтері бар. Қазіргі бағам бойынша бұл шамамен 10,4 миллиард теңгеден асады.

Құжаттарға қарағанда, пәтерлердің нақты бақылаушысы – олардың әкесі, Асқар Маминнің туған ағасы Марат Мамин. Ернар мен Алибек бұл мүлікті әкесінің келісімінсіз сата немесе жалға бере алмайды.

Пәтерлер Лондонның беделді Bayswater ауданында орналасқан. Бұл аумақ Кенсингтон бақтары мен Гайд-парк маңына жақын және посткеңестік кеңістіктегі ауқатты тұлғалар арасында танымал.

Мұнда қазақстандық кәсіпкерлер Владимир Ким мен Владимир Нидің отбасылары да жылжымайтын мүлікке ие екені айтылған. Сонымен қатар олардың көршілері қатарында украиналық миллиардер Ринат Ахметов, кәсіпкер Дмитрий Фирташ, ресейлік олигархтар Олег Дерипаска мен Дмитрий Рыболовлев бар.

Мәліметке сәйкес, Марат Мамин 2014 жылы Lancaster Gate кешенінен 8,7 миллион фунт стерлингке пәтер сатып алған. Кейін бұл мүлік оның кіші ұлы Алибекке рәсімделген. Ал 2021 жылы сол ғимараттан тағы бір пәтер 7 миллион фунт стерлингке сатып алынып, үлкен ұлы Ернардың атына жазылған.

Деректер бойынша, Марат Мамин отбасы мүшелерімен бірге Ұлыбритания азаматтығын алған және Қазақстан азаматтығынан ресми түрде бас тартқан.

Бұған қоса, Марат Маминнің отбасы басқа елдерде де жылжымайтын мүлікке ие екені айтылады. АҚШ-та олар Орландо маңында коттеджге, ал Майами маңындағы тұрғын үй кешенінде пәтерге иелік етеді. Сондай-ақ Дубай қаласындағы Al Bateen Residences кешенінде құны 1 миллион доллардан асатын пәтер тіркелген.

Ал Асқар Маминнің өзіне қатысты шетелде қымбат жылжымайтын мүлік тіркелмегені айтылған. Қаңтар оқиғаларынен кейін ол саясаттан шеттеп, Қазақстан хоккей федерациясының басшысы қызметіне тағайындалған.

Yorumlar
Diğer Haberler