Алматыда жаңа мектептер ашылды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/vnHfLvh8TG76AqFz51t4eyIa1UETF2S5dHIlLYFg.jpg

Алматының Наурызбай ауданында 1290 оқушыға арналған №41 жаңа мектеп ашылды.

Жақын күндері №223 мектептің ашылып, «Шұғыла» шағынауданында №15 мектеп-интернат пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық білім басқармасының өкілдері хабарлады.

2025 жылы Алматыда шамамен 40 мың орынға арналған 38 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Олардың қатарында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 20 мектеп, қолданыстағы мектептерге қосымша ғимараттар, 7 балабақша және техникалық әрі кәсіптік білім беру мекемелері бар. 

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары халық санының өсу қарқынын ескере отырып жүргізіліп жатыр. 2030 жылға дейінгі қажеттілік карталары әзірленген, онда мектептер, балабақшалар, қосымша білім беру нысандары мен техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесіне арналған жатақханалар құрылысы қамтылған.

Бүгінде Наурызбай ауданында 30,5 мың орынға арналған 15 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Соған қарамастан шамамен 3 мың оқушы орнына тапшылық сақталып отыр.

Осыған орай, қарқынды құрылыс жүріп жатқан аумақтарда 5 жаңа мектеп салу жоспарланған. Атап айтқанда, Алтын Орда, Абай, Алатау көшелерінің маңы, сондай-ақ Қалқаман, Тау Самал шағынаудандары мен «Дәстүр» және «Lancashire» тұрғын үй кешендері қамтылмақ.

Сонымен қатар балабақша құрылысы да қатар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жалпы сыйымдылығы 880 орын болатын 3 нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал болашақта тағы 7 мектепке дейінгі мекеме салу жоспарланған.

«Наурызбай ауданында жаңа мектептің ашылуы — Алматының әлеуметтік инфрақұрылымын жүйелі дамытуға бағытталған ауқымды жоспардың бір бөлігі. Біз жекелеген мәселелерді шешу тәсілінен ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлауға көштік. 2030 жылға дейінгі қажеттілік карталары алдағы жылдардағы демографиялық жүктемені дәл болжауға және білім нысандарын алдағы 2-3 жылда сұраныс жоғары болатын жерлерде салуға мүмкіндік береді», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері.

Yorumlar
Diğer Haberler