Ішкі істер министрлігі Интерпол арналары арқылы Вьетнам Социалистік Республикасының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл нәтижесінде Камрань қаласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде болған блогер Қайсар Қамзаны ұстады, деп хабарлайды "Адырна".
Полиция таратқан ақпаратқа сүйенсек, блогер Қайсар Қамза әлеуметтік желілерде онлайн-казинолардың жарнамалық бейнематериалдарын жүйелі түрде жариялап, пайдаланушыларды құмар ойындарға тартқан.
"Заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде күдікті 100 млн теңгеден астам көлемде заңсыз табыс тапқан. Ақша оның атына тіркелген криптовалюта әмиянына аударылып отырған", - деді ІІМ баспасөз қызметі
Қазіргі уақытта оны Қазақстан Республикасына экстрадициялау мәселесі қарастырылуда.
ІІМ-де атап өткендей, шетелге жасырыну әрекеттері қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды – іздеуде жүрген әрбір адам ұсталып, Қазақстанға жеткізіледі. Бұл тек уақыт еншісіндегі мәселе.
