19 сәуір күні қазақ әдебиеті мен руханияты ауыр қазаға ұшырады. Көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов өмірден өтті. Оның есімі мен рухани мұрасы халық жадында мәңгі сақталып, артына қалдырған өшпес ойлары мен асыл сөздері ұрпақтан-ұрпаққа жетері сөзсіз. «Адырна» ұлттық порталы қаламгердің өлмес мұрасын ұлықтап, қанатты сөздерін оқырман назарына ұсынады.
Тілге қарсы шыққандардың тағдыры трагедиямен бітеді.
Сөзі мен ісіне айырма салғандар – шындығын жоғалтып алғандар.
Махаббат дегеніміз – екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы. Мұндай махаббат – тек ұлы тұлғаларда ғана болады...
Менің мақсатым да, ұстанымым да – намысымызды аяққа таптатпау!
Жағымпаздық бұл заманда басты өнер,
Шындық оған бола алмай жүр тас кемер.
Қазіргі бақ қайсар рухты ерді емес,
Арын сатқан жағымпазды ескерер.
Поэзияда әрбір ой тыңнан айтылуы тиіс. Нағыз поэзия тудыру – қиынның қиыны. Бұл мұхиттың түбінен маржан ілгенмен бірдей
Бала жүрегі кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында үнемі сол кілт жүруі керек.
