Ұлттық тарих және цифрлық трансформация: халықаралық ғылыми диалог алаңы

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/l5FQvFsoVuHlnNZCy9w8aGU0RuqLTBB9rgNNQaxM.jpg

2026 жылдың 17 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының тарихшы-ғалымдары ұйымдастырған «Ұлттық тарих пен мемлекеттік идеяның цифрлық және жасанды интеллект дәуіріндегі трансформациясы» тақырыбында халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Конференцияның салтанатты ашылу рәсімін Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы, тәжірибелі тарихшы Бегалиева Айша Карыпжановна ашып, жиынның маңыздылығына тоқталды. Іс-шараның ресми бөлімі факультет деканы Бектанов Алмас Ауэлбекұлының құттықтау сөзімен жалғасты, Өз сөзінде ол ұлттық тарихты жаңаша ғылыми парадигмада зерделеудің маңыздылығын атап өтіп, цифрлық дәуір жағдайында гуманитарлық ғылымдардың рөлі арта түсетініне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, конференция жұмысына сәттілік тілеп, шетелдік және отандық ғалымдарға алғысын білдірді.

Аталған ғылыми жиын ұлттық тарихты зерттеудің заманауи әдіснамалық бағыттарын, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің гуманитарлық ғылымдарға ықпалын талқылауға арналған маңызды халықаралық ғылыми алаңға айналды. Конференцияның басты мақсаты – ұлттық тарихи сананы жаңғырту, мемлекеттік идеяның тарихи сабақтастығын айқындау, сондай-ақ білім беру үдерісінде цифрлық құралдарды тиімді пайдалану мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыда зерделеу болды. Пленарлық мәжіліс барысында отандық және шетелдік ғалымдар қатысып, өзекті ғылыми баяндамалар жасады. Атап айтқанда, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Isroilova Dildora (Өзбекстан), Kamola Muradkasimova және Elmira Aliyeva білім беру саласында жасанды интеллекттің перспективаларын жан-жақты талдады. Сонымен қатар, цифрлық трансформация жағдайындағы білім беру жүйесінің даму бағыттарын ғылыми тұрғыда саралап, халықаралық тәжірибе негізінде маңызды тұжырымдар ұсынды. Сонымен бірге, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қауымдастырылған профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Хайруллаева Венера Хибадуллаевна «Ұлттық код – ұлттық бірегейліктің мәндік өзегі. Ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, ұлттық құндылықтарды сақтаудың өзекті қырларын көтерді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Шамшиденова Факия Мешведеновна «Пәнаралық әдістерді тарихи зерттеулерде қолданудың методологиялық негіздері мен принциптері» тақырыбында баяндама жасап, тарихи зерттеулердегі заманауи ғылыми тәсілдердің маңызын айқындады. Дүниежүзіқазақтары қауымдастығының Алматы қалалық филиалының басшысы, ақын, философ. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Түріксой ұйымы Бас хатшысының кеңесшісі Мұратхан Шоқан: «Жаратылыснама»: кемелденудің жеті шеңбері ілімі» тақырыбында баяндама жасады.

Халықаралық ғылыми диалог аясында ұлттық бірегейлік, тарихи жады, мемлекетшілдік құндылықтар және жасанды интеллекттің гуманитарлық ғылымдардағы рөлі сияқты өзекті мәселелер кеңінен қарастырылды. Бұл бағыттағы пікір алмасулар конференцияның ғылыми мазмұнын тереңдетіп, жаңа зерттеу бағыттарының қалыптасуына ықпал етті. Конференция жұмысының жоғары деңгейде өтуіне Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының ұжымы зор үлес қосты. Іс-шара модераторы, кафедраның құрметті тарихшысы, аға оқытушы Бегалиева Айша Карыпжановна ғылыми пікірталасты кәсіби деңгейде үйлестіріп, баяндамашылар мен қатысушылар арасындағы өзара байланысты тиімді ұйымдастырды. Жалпы алғанда, бұл халықаралық конференция әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-академиялық беделін одан әрі нығайтып, ұлттық тарих пен цифрлық технологиялардың тоғысындағы жаңа зерттеу бағыттарын айқындаған маңызды ғылыми оқиға ретінде бағаланды.

ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушылары: Бегалиева А.Қ., Мажиқызы Н.

Yorumlar
Diğer Haberler