Атырау облысы, Жангелдин ауылындағы бір отбасының өліміне күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев ақыл-есі сау деп танылды. Бұл туралы Атырау облыстық прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Сот-психатриялық сараптамасы Сәрсемәлиев өз әрекетіне жауап беретінін, оның қылмыстық жауапкершілігі болатынын білген деген қорытынды шығарды. Ал оның жұбайы Ақбаян әлі де Алматыда сот-психиатрикалық сараптамадан өтіп жатыр. Атыраудағы жергілікті дәрігерлер оның туыстарының өліміне қаншалықты қатысы бар екенін анықтай алмаған.
Әзірге Ақбаян күдікті. Алматы мамандарының қорытындысы шыққаннан кейін ғана оның статусын өзгерту мәселе шешіледі.
Прокуратура мәліметінше, қылмысқа басқа тұлғалардың қатысы болмаған.
Тергеу мәліметінше, Жангелдинде араға жарты жыл салып, екі рет қылмыс жасалған. Алдымен мамырда отбасының кіші ұлы Наурыз өлтірілген. Ал кейінірек қарашада оның әке-шешесі мен әпкесі ажал құшқан.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің мәлімдеуінше, қаза тапқандардың денесінде ас үй пышағымен салынған, шаншыған, кескілеген жарақаттар анықталған.
«Әрқайсысының кеуде тұсына, мойын аймағына және өмірлік маңызды мүшелеріне алты және одан да көп зақым келген»,- деп нақтылады ол.
Еске салсақ, биыл қыста Атырауда жоғалған отбасының оқиғасы көпшілікті дүр сілкіндірді. Әке-шешесі мен екі баласы ұшты-күйлі жоғалып кетті. Кейінірек ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылған болатын. Ал ұлы мен қызы Наурыз бен Мирамгүлдің денесін Атырау қаласының маңындағы Геолог ықшамауданында тығып тастаған жерінен анықталған. Төрт адамның өліміне отбасының күйеубаласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті ретінде танылды.
