Мәскеу сөзбұйдаға салған «Сұңқар» зымыраны бүгін ұшуы мүмкін

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/21m3lxFrbk3WLtsoY8fPh0YOPQRLuxBBXPpT8ZfT.webp

Фото: АО "ЦЭНКИ"

Бүгін Қазақстанда Ресеймен бірлесіп жасалған «Сұңқар» орташа зымыранының тұсаукесері жоспарланып отыр. Ұшырылым сағат 16:00-де «Бәйтерек» ұшыру кешенінен (бұрынғы №45 алаң) жүзеге асырылады, деп хабарлайды "Адырна".

"БАЙҚОҢЫРДА" БІР КҮНДЕ ЕКІ ЗЫМЫРАН ҰША МА?

«Сұңқар» зымыранын бастапқыда 27 наурызда ұшыру жоспарланған болатын. Алайда техникалық себептерге байланысты бұл күндер резервке ауыстырылып, бірнеше айға шегерілді. 31 наурызда зымыран пайдалы жүктеменің макетімен бірге №42 алаңдағы құрастыру-сынақ корпусынан теміржол арқылы №45 алаңға жеткізіліп, тік күйде орнатылды.

Ғарыш айлағындағы дереккөздің хабарлауынша, 13–16 сәуірге жоспарланған резервтік күндер 26 сәуірге дейін шегерілді. Бұл старттық кешен жабдықтары мен зымыран-тасығыш жүйелерін қосымша тексеру қажеттілігімен байланысты болды. Қажетті тексерулерден кейін Мемлекетаралық комиссия ұшырылым күнін ресми түрде бекіткен еді.

Бүгін «Байқоңырдағы» тағы бір оқиға - ғарыш айлағынан «Прогресс МС-34» жүк кемесі Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) сәтті ұшырылды. Орбитаға оны «Союз 2.1а» зымыран тасымалдаушысы шығарды.

«Роскосмос» хабарламасына сәйкес, барлық техникалық жұмыстар жоспар бойынша өтті: кеме берілген орбитаға шығарылып, зымыранның үшінші сатылығынан бөлінді, антенналар мен күн батареялары ашылды. ХҒС-пен станцияға жақындауы 28 сәуірде сағат 03:01-де Мәскеу уақыты бойынша күтілуде.

95-ші қамтамасыз ету миссиясы аясында «Прогресс» кемесі станцияға шамамен 2,5 тонна жүк жеткізді, оның ішінде 700 кг жанармай, 420 кг ішуге арналған су және 50 кг оттегі бар. Сондай-ақ, экипажға арналған 1 348 кг құрғақ жүк жеткізіліп, жаңа «Орлан-МКС» № 8 скафандры берілді.

20 ЖЫЛДАН АСҚАН "БӘЙТЕРЕКТІҢ" БАБЫ  

«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені — Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы. Ол «Байқоңыр» кешенінде экологиялық таза отын компоненттерін пайдаланатын зымырандармен ғарышқа ұшыру жұмыстарын жүргізуге арналған жерүсті инфрақұрылымды құруды көздейді. Жоба 2004 жылы құрылған, ал 2005 жылы сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің Байқоңырға сапары кезінде ресми түрде іске қосылған.

Бастапқыда «Ангара» зымыран-тасығышын пайдалану жоспарланған, ал оған арналған ұшыру кешенін №200 алаңдағы бұрынғы «Протон» зымыранының №40 ұшыру қондырғысының орнында салу көзделген еді.

Кейін Ресей жоспарын өзгертіп, құрылыс үшін №250 алаңдағы бұрын «Энергия» зымыранын сынауға арналған әмбебап стенд-старт орнын ұсынды. Алайда бұл жоба да жүзеге аспады.

Кейінірек «Зенит» зымырандарын ұшыру бағдарламасы аяқталған соң, №42 алаңдағы құрастыру-сынақ корпусы мен №45 алаңдағы ұшыру кешенін қамтитын барлық жерүсті инфрақұрылым «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерациясының жалға алу келісімінен шығарылып, Қазақстан тарапына — «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнына берілді.

«Ангара» зымыранының орнына, оған арналған ұшыру кешенінің құрылысы басталмағандықтан, жаңа «Сұңқар» зымыран-тасығышы бекітілді. Бұл зымыран үшін «Зенит» кешенінен қалған инфрақұрылымды белгілі бір жаңғыртулар арқылы пайдалануға мүмкіндік болды.

«Сұңқар» зымыран-тасығышы — орта класты екі сатылы зымыран. Ол Ресейдегі «РКЦ Прогресс» акционерлік қоғамында өндіріледі.

Техникалық сипаттамалары: зымыранның биіктігі — бас қаптамасына байланысты 58,8 м немесе 65,2 м; диаметрі — 4,1 м; ұшыру массасы — 526–531 тонна; төменгі Жер орбитасына шығаратын пайдалы жүк массасы — 17,4 тонна; геостационарлық орбитаға — 2,5 тонна.

Қолданылатын отын мен тотықтырғыш — экологиялық қауіпсіз нафтил (керосин түрі) және сұйық оттегі.

Бұған дейін ресейлік БАҚ-тың зымыран атауына қатысты пікір жариялаған едік. Ал былтыр Байқоңырдағы Гагарин старт алаңының орнынан көне өркениет ошағы табылғаны хабарланған болатын. 

 

Yorumlar
Diğer Haberler