Әкесі – Назарбаевтың сыныптасы. Байбектің қайда жүргені белгілі болды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xo0a9Mv3dcsDqX5cfcR1ESw95G5YxNkjkuvei42a.webp

Алматының бұрынғы әкімі, "Нұр-Отан" партиясының соңғы басшысы Бауыржан Байбектің қатысы бар «Qazaq Kaolin» ЖШС-нің тау-кен байыту комбинаты іске қосылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

«Qazaq Kaolin» ЖШС-нің тау-кен байыту комбинаты Ақмола облысының Зеренді ауданында техникалық іске қосылды.

Мәліметтерге сәйкес, кәсіпорын жылына 230 мың тонна каолин шикізатын өндіруге қауқарлы. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 12 миллиард теңгені құрайды. Өндірісті толық іске қосу 2026 жылдың шілде айына жоспарланған.

Ашық дереккөздерде Бауыржан Байбек аталған жобаға кеңесші ретінде қатысып, кейін компанияның директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалғаны көрсетілген.

Компания құрылтайшылары қатарында Қыдырғали Байбек пен Бекзат Керімбай бар. Бұған дейін кәсіпорынды басқарғандардың арасында Тимур Әбілов болған. Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали - Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы.

Мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы кәсіпорын шамамен 200 миллион теңге көлемінде салық төлеген. Жоба толық іске қосылғаннан кейін өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір экономикасына үлес қосу жоспарланып отыр.

Жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда.

Yorumlar
Diğer Haberler