Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысына қатысушылардың рухына тағзым етілді

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dMqSWZdFfuV5MLSs02jo8DENZHQKjZn4wfiDcEtV.jpg

Қарағанды облысының барлық қала-аудандарында 9 мамыр күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына арналған еске алу шаралары өтуде. 

Таң сәріден бастап қарағандылықтар «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қоюда.

— Біз жыл сайын Мәңгілік алауға келуге тырысамыз. Ұлымызды ертіп келеміз, ол бүгінгі бейбіт өмірімізге кімдердің арқасында қол жеткізгенімізді түсінсін дейміз. Біздің әжеміз тыл ардагері болған, сондықтан бұл естелікті сақтау біз үшін өте маңызды, — дейді Қарағанды тұрғыны Евгения Критович.

Реквием-митингке облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, әскери қызметшілер, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен қала тұрғындары қатысты. 

Соғыс жылдарында қаза тапқандарды жиналғандар бір минут үнсіздікпен еске алды.

Дәстүр бойынша облыс басшылығы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін арнайы барып құттықтады. 

Олар Ұлы Отан соғысына қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күніне арналған құттықтауын жеткізді.

Қазіргі таңда өңірде майдангер алты ардагер тұрады. Солардың бірі — Мария Шинкевич. Биыл ол 101 жасқа толды. Ол мергендер мектебін тәмамдағаннан кейін 19 жасында майданға аттанған. 1945 жылдың тамызына дейін 3-Беларусь және Украина майдандарында қызмет етті.

Мария Шинкевич ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және өзге де наградалармен марапатталған. Соғыстан кейін елді қалпына келтіру жұмыстарына қатысты.

Ардагер Жеңіс күнін Прагада қарсы алған. Ол әлі күнге дейін 9 мамырды өміріндегі ең басты мереке деп санайды.

— Біз Жеңісті тағатсыздана күттік әрі бұл күннің міндетті түрде келеріне сендік. Бүгінде сол сәтті толқумен еске аламын, — дейді Мария Шинкевич. — Жастарға адал еңбек етіп, үлкендерді құрметтеп, бір-біріне қамқор болуды тілеймін.

Соғыс жылдары Қазақстаннан майданға 1,2 миллионнан астам адам аттанған.

Қарағанды облысынан шамамен 60 мың адам әскерге шақырылып, олардың 25 мыңы елге оралмаған.

Кеңес Одағының Батыры атағы өңірдің 34 тумасына берілсе, тағы 13 жерлес Даңқ орденінің толық кавалері атанған. 

Қарағандыда жасақталған 77-артиллериялық полк Сталинградтан Братиславаға дейінгі жауынгерлік жолдан өткен.

Yorumlar
Diğer Haberler