Сан-Диего қаласындағы мешіттердің бірінде болған атыс салдарынан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Reuters дерегінше, қайғылы оқиға қала орталығынан солтүстікке қарай орналасқан ислам кешенінде болған. Аумақта мешітпен қатар мектеп те орналасқан. Оқиға кезінде ғимарат ішінде балалар болғанымен, олардың барлығы дер кезінде эвакуацияланып, зардап шекпеген.
Алдын ала мәлімет бойынша, атыс кезінде мектепте араб тілі, исламтану және Құран оқу курстары өтіп жатқан.
БАҚ таратқан мәліметте шабуыл салдарынан үш ер адам қаза тапқаны айтылған. Олардың бірі – ислам орталығының күзетшісі. Тағы қаза тапқан екі адамның кім екені анықталып жатыр.
Сонымен қатар оқиға орнынан шабуыл жасады деген күдікке ілінген екі адамның да мәйіті табылған. Полиция олардың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екенін хабарлады.
Оқиға салдарынан бірнеше адам түрлі деңгейдегі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Полицияның мәліметінше, күдіктілер – екі жас жігіт. Қазіргі уақытта олардың жеке басы мен қылмыс жасау себептері анықталып жатыр. Тергеу аясында діни өшпенділік негізінде жасалған шабуыл нұсқасы да қарастырылуда.
