Көлігінен белгісіз ақ зат табылған. Чехияда атышулы ресейлік дінбасы ұсталды

74
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/goyWSENcwJI6gYDWX7ittxsjYej81N9gMj7TgJMw.jpg

фото:  РИА Новости / Алексей Никольский

Бұрын Ресей православ шіркеуі басшысы Патриарх Кириллден кейінгі ең ықпалды тұлғалардың бірі саналған дін қызметкері Митрополит Иларион Чехияның Карловы Вары қаласында ұсталды. Оның көлігінен ақ түсті зат салынған контейнерлер табылған. Бұл туралы Иларионның Telegram-арнасында жарияланған, деп хабарлайды “Адырна”.

«Оның құрамы, шығу тегі және сипаты тек құзыретті сараптама арқылы анықталуы тиіс», - делінген хабарламада.

Митрополиттің қорғаушылары оның қандай да бір заңсыз есірткі айналымына қатысы барын толықтай теріске шығарды. Иларионның өзі бұл жағдайды арандатушылық деп бағалап отыр.

«Мен ешқашан заңсыз есірткі айналымына қатысқан емеспін және қазір де қатысым жоқ. Дін қызметкері ретінде мұндай айыптаудың өзі — мүлде жалған», – деп мәлімдеді ол.

Сонымен қатар, ол оқиғаны тәуелсіз әрі заң аясында толық тексеруді талап еткен.

Иларионның шын есімі — Григорий Алфеев. Ол ұзақ жылдар бойы Ресей православ шіркеуінің сыртқы байланыстар бөлімін басқарған және халықаралық деңгейдегі негізгі өкілдерінің бірі болған.

Ресейдің Украинаға толық ауқымды басып кіруі басталғаннан кейін ол Будапешттегі Венгрия епархиясының басшысы қызметіне ауыстырылды. Алайда кейін оның бұрынғы көмекшісі митрополитті сексуалдық қысым көрсетті деп айыптаған соң, Иларион Карловы Варыдағы қызметке жіберілген.

Чехия және Венгрия медиасы соңғы жылдары Иларионның Ресей арнайы қызметтерімен ықтимал байланыстары туралы бірнеше рет жазған.

Атап айтқанда, Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) қызметкерлері қолданатын қарумен оқ атып жатқан видеосы тараған. Чехиялық Deník N басылымының мәліметінше, митрополиттің бұрынғы серіктесі бұл видео Мәскеудегі ФҚҚ штаб-пәтерінде түсірілгенін айтқан.

Қазіргі уақытта чех құқық қорғау органдары табылған заттарға сараптама жүргізіп жатыр. Тергеу нәтижелері әзірге жарияланған жоқ.

Yorumlar
Diğer Haberler