26 мамырда Павлодар облысының Баянауыл ауданында жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясының мәліметінше, жер сілкінісі сағат 11:28-де тіркелген. Сейсмикалық оқиғаны станциялар желісі анықтаған. Жер сілкінісінің эпицентрі Баянауыл ауданы аумағында, Баянауыл ауылы маңында орналасқан. Ол Алматы қаласынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 855 шақырым қашықтықта болған.
Сейсмикалық параметрлерге сәйкес жер сілкінісінің магнитудасы 2 балл, тереңдігі 30 шақырым, энергетикалық класы 10.7 болған.
MSK-64 шкаласы бойынша жер сілкінісінің сезілу деңгейі Баянауыл ауданында 2 балл ретінде бағаланған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жағдайды бақылау және үйлестіру мақсатында Павлодар облысы ТЖД базасында жедел штаб құрылды. Ресми ақпаратқа сәйкес, қирау немесе зардап шеккендер туралы мәлімет түспеген. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде.
