Өзбекстанда АЭС құрылысы басталды. Жоба құны 9,5 млрд доллар

146
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/7FLwc7SyJbCS37SEPMt7Ygzn9mlipel0UHEo9YjG.jpg

Фото: podrobno.uz

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Ресей президенті Владимир Путин Жизақ облысында салынатын атом электр станциясының (АЭС) бірінші энергоблогының құрылысына ресми старт берді. Жоба Санкт-Петербургтен бейнебайланыс арқылы басталып, оған Халықаралық атом энергиясы агенттігінің өкілдері де қатысты, деп хабарлайды "Адырна".

Жизақ облысындағы жоба ерекше форматымен назар аудартады: бір кешенде қуаты 1000 МВт болатын екі ірі реактор және 55 МВт болатын екі шағын реактор салынады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай аралас модель әлемде алғаш рет жүзеге асып отыр.

Станция іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 17 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндіреді деп күтіледі. Бұл Өзбекстанның электр энергиясына деген сұранысының шамамен 15 пайызын жабуға мүмкіндік береді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жобада қауіпсіздік пен экологиялық стандарттардың толық сақталатынын атап өтті. Барлық жұмыстар Халықаралық атом энергиясы агенттігінің талаптарына сай және халықаралық бақылаумен жүргізіледі.

«Узатом» агенттігінің төрағасы Азим Ахмедхаджаевтың айтуынша, жобаның базалық құны 9,5 млрд долларды құрайды. Оның 85-90 пайызы несие есебінен қаржыландырылады. Қаржының бір бөлігі БРИКС құрамындағы Жаңа даму банкімен келіссөздер арқылы тартылуы мүмкін.

Сонымен қатар жоба аясында жергілікті өндіріс үлесін 30 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Бұл құрылыс шығындарын азайтуға және экономикалық тиімділікті арттыруға ықпал етпек.

Жоба Жизақ облысы Фариш ауданында, Тузкан көлі маңында іске асырылады. Құрылыста шамамен 15 мың адам жұмыс істейді деп жоспарланған.

Айта кетсек, бұл АЭС Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан 320 км жерден салынады. Қазір Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жобасы да кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Атом энергиясы агенттігінің мәліметінше, елде алғашқы АЭС құрылысының жалпы құны шамамен 16,4 млрд долларды құрайды.

 

 

Yorumlar
Diğer Haberler