Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің музей кешенінде ұлттық рухты оятып, қазақ мәдениетін жаңғыртқан бірегей тұлға, белгілі этнограф-ғалым және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдық мерейтойына арналған «Өзбекәлі және музей мәдениеті» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл шара қайраткердің отандық музей ісіне қосқан өлшеусіз үлесін ұлықтауды мақсат етті.
Рухани кешті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Музей кешенінің ғылыми бөлім жетекшісі Әділғазы Қайырбеков ашып, жүргізіп отырды. Басқосуға асылдың сынығы Бауыржан Өзбекәліұлы, немерелері Әзел мен Әліжан, тарихшы-ғалым, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Ерболат Әуезов, журналист, әдеби сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әмірхан Меңдеке, «Құрмет» орденінің иегері, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, «Тіл – құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығының директоры Райхан Сахыбекқызы, Мәдениет саласының үздігі, домбырашы, тарихи «Адырна» ансамблінің алғашқы түлектерінің бірі, қазіргі таңда «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұйымдастырушысы Тілек Уразалиев қатысты. Ғалымдар қайраткердің отандық музей ісі мен қазақ руханиятына қосқан зор еңбегін жан-жақты талқылады. Тұлғаның қолөнер мен салт-дәстүрді тірілту жолындағы тарихи ерлігін зор тебіреніспен еске алды. Әсіресе оның Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Отырар жәдігерлерін аман сақтап, халықаралық музей деңгейіне көтерудегі, сондай-ақ С. Мұқановтың музей-үйін ашудағы қажырлы еңбегі ерекше айтылды. «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің артистері өз өнерлерімен кеш шырайын аша түсті.
Іс-шара аясында ғалымның ғибратты өмірі мен өлшеусіз қызметіне, құнды ғылыми еңбектеріне негізделген «Мәдениетте мәңгілік із қалдырған тұлға» атты арнайы көрме ұйымдастырылды. Жиналған қауым тұлғаның қазақ руханиятын жаңғырту жолындағы ерен еңбектері мен ел тарихындағы өшпес ізін тағы бір мәрте еске алды.
Ұлттың біртуар перзентін ұлықтаған бұл шара Жәнібеков есімін ел жадында мәңгілікке қалдыру жолындағы тағы бір сәтті қадам болды.


Назгүл Алтаева
Рашида Отар
