Абай университетінде талапкерлерді қабылдау науқаны басталды

145
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xIFqbtrThT0Mh8rVBpr5wWBQPm5NwoAM8qpXpWuw.jpg

Абай университетінде 2026–2027 оқу жылына арналған қабылдау науқаны басталды.

Биылғы мектеп бітіруші түлектер үшін еліміздегі жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарының бірі саналатын университеттің қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастады. Қабылдау науқанының ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, университет басшылығы, қызметкерлері және талапкерлер қатысты.

20 маусымнан бастап еліміздің барлық өңірлерінде жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жұмысын бастайды. Биыл республика бойынша 215 мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, 240 мыңнан астам талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып жатыр. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қабылдау комиссиясының ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев арнайы қатысып, талапкерлерге сәттілік тіледі.

– Бүгін республика бойынша жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өз жұмысын бастады. Бұл – мамандығын таңдап, шекті балл жинаған талапкерлер үшін маңызды кезең. Сондай-ақ шығармашылық емтихан тапсыратын үміткерлер де бүгіннен бастап университеттерге құжаттарын тапсыра алады. Мемлекеттік білім гранты конкурсына құжаттар 13–20 шілде аралығында қабылданады.

Биыл Абай университетінде талапкерлерге арналған консультациялық орталық жұмыс істейді. Бұл орталық талапкерлердің болашақ мамандығын дұрыс таңдауына, өмірлік бағытын айқындауына және грант конкурсына қатысу үшін көрсетілетін төрт жоғары оқу орнын нақты анықтауына көмектеседі. Консультациядан өткеннен кейін ғана талапкер техникалық хатшыға құжаттарын тапсырады. Сондықтан қабылдау комиссиясының бұл жұмыс алгоритмі ата-аналар мен талапкерлер үшін тиімді болады деп сенемін, – деді министр кеңесшісі.

Іс-шара барысында университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова білім беру бағдарламаларымен таныстырды. Оның айтуынша, оқу орны талапкерлерге 157 білім беру бағдарламасы бойынша кең таңдау ұсынады. Оның ішінде бакалавриатта – 60, магистратурада – 58, докторантурада – 39 және Лотарингия филиалында 8 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Бану Мұхатайқызы педагогикалық бағыттағы мамандықтарға талапкерлердің қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.

– Өткен жылғы қабылдау қорытындысы бойынша республика көлемінде Абай университетін 23 555 талапкер таңдады. Университетке 5 мыңға жуық мемлекеттік білім гранты бөлініп, 8 053 студент оқуға қабылданды. Сондай-ақ университетті таңдаған талапкерлердің қатарында 768 «Алтын белгі» иегері мен 997 үздік аттестат иегері болды. Бұл – университетімізге деген жоғары сенімнің және сапалы білім берудің нақты нәтижесі, – деді проректор.

Шара барысында әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақауов қабылдау кезеңінде талапкерлер тарапынан академиялық және әлеуметтік мәселелерге қатысты сұрақтардың жиі туындайтынын айтты. Оның сөзінше, оқу ақысына байланысты әлеуметтік жеңілдіктер мен жатақхана мәселелері бойынша кеңес беріліп, болашақ студенттерге қажетті жағдай жасалады.

Айта кетейік, Абай университетінің қабылдау комиссиясы Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30 мекенжайында орналасқан. Комиссия дүйсенбі–жұма күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін, сенбі күні 09:00-ден 14:00-ге дейін жұмыс істейді.

Шығармашылық емтиханға тіркелу 20 маусым мен 6 шілде аралығында жүргізіледі. Емтихандар 7–12 шілде күндері өтеді. Ал мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысуға құжаттар 13–20 шілде аралығында қабылданады.


«Abai University» медиа орталығы

Yorumlar
Diğer Haberler