Көкшетауда «Ұршық Party»: әжелер шеберлігі көпті таңғалдырды

17
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/FdBhywBFrQehBqftgdQVkWR2KQURHjwcbNmdYtrh.jpg

Көкшетауда Достық үйі аумағында халқымыздың көнеден жеткен қолөнер дәстүрін жаңғыртуға арналған «Ұршық Party» фестивалі жоғары деңгейде өтті. Шара ұлттық мәдениетті насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуді мақсат етті.

Фестиваль аясында келушілерге қазақы нақыштағы қолөнер көрмесі ұсынылып, жүн түту, ұршық иіру үдерісі кеңінен таныстырылды. Сондай-ақ ұлттық киім үлгілері мен шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көпшілік назарына қойылды. Қатысушылар конференц-залда ұршық иіру өнерінің тарихы мен ерекшелігі туралы мазмұнды презентацияны тамашалады.

Іс-шараға барлығы 12 қатысушы қатысып, «Ұршық шебері», «Үздік ұлттық образ», «Шебер қолдар» сынды аталымдар бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Әр қатысушы ұршықтың тарихымен таныстырып, оны қолдану шеберлігін көрсетті. Әсіресе, әжелер қауымының жүн иірудегі ептілігі көрермен тарапынан ерекше ықыласқа ие болды.
Фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.

І орын – 50 000 теңгелік сертификат иегері Нұржұма Бақша (Шортанды ауданы, Новокубанка ауылы);

ІІ орын – 30 000 теңгелік сертификат иегері Рысбаева Түймеқыз Меңдешқызы (Целиноград ауданы, Талапкер ауылы);

ІІІ орын – 20 000 теңгелік сертификат иегері Смағұлқызы Кенжебай (Көкшетау қаласы).

Сонымен қатар барлық қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталып, фестивальге белсене қатысқаны үшін алғыс хаттар табысталды.

Шара барысында ұлттық ән-күй, би өнері және шығармашылық көрсетілімдер ұсынылып, мәдени кештің мазмұнын толықтыра түсті.

«Ұршық Party» фестивалі – ұмыт бола бастаған ұлттық қолөнерді жаңғыртып, қазақы құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды мәдени алаң ретінде ерекшеленді.

Yorumlar
Diğer Haberler