Алматының автобусы. 85 көлік катализатордан махрұм болып шықты

346
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tKhTTyRjHZrMrM5SKFCc85YMh7BlGgLoWvKKQ9Td.jpg

Алматыдағы автобус парктерін тексеру барысында катализаторлары жоқ 85 автобус анықталды. Бұл туралы мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қалалық Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бақтыгереев мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Информбюроға сілтеме жасап.

Оның айтуынша, жалпы саны 481 газбен жүретін автобус экологиялық талаптарға сәйкес келмеген.

«Жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасы оларды қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру және заманауи экологиялық стандарттарға сай болуы үшін катализаторлар орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді Бақтыгереев.

Бұл мәліметтер көлік құралдарынан шығатын зиянды қалдықтарды азайту шараларын талқылау барысында ұсынылған. Алматы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев экологиялық талаптарға сай келмейтін коммуналдық техникаға қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын, әлде тек жеке көліктер ғана тексерілетінін сұрады.

Аршат Бақтыгереевтің айтуынша, салалық басқармалар мен аудан әкімдіктері коммуналдық техниканы экологиялық таза отын түрлеріне көшіру немесе олардың қозғалтқыштарын ауыстыру үшін бюджеттік өтінімдер дайындап жатыр.

Өз кезегінде Мейіржан Отыншиев назар тек автобустарға ғана аударылмауы тиіс екенін айтты.

«Бұл мәселе коммуналдық техникаға да, мемлекеттік сатып алулар арқылы тендер ұтып алатын мердігер ұйымдардың техникасына да қатысты. Оған құрылыс техникасы, қаланы тазалайтын және аудандарда жұмыс істейтін техникалар да кіреді. Сондықтан мұның барлығы ескерілуі қажет», – деді мәслихат төрағасы.

Сессия барысында Алматы қаласының 2026–2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары да қаралды. Құжатта атмосфералық ауаны қорғау, қалдықтарды басқару, су сапасын бақылау, өзендер мен каналдардың арналарын қайта жаңғырту, қаланы көгалдандыру және жасыл желектерді қорғау бағытындағы шаралар көзделген.

Жоба қоғамдық тыңдаулардан өтіп, Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келісілген. Талқылау қорытындысы бойынша мәслихат депутаттары шешім жобасын бірауыздан қолдады.

Yorumlar
Diğer Haberler