Жаңа Конституцияның басты өзегі – адамға бағдарланған саясат

266
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/QWlSspusRIVwjeR1FEjfCuOwfoSpS14APQUvyd9J.jpg

Қазақстанның жаңа Конституциясында әлеуметтік мемлекет қағидаттарының бекітілуі ел дамуының стратегиялық бағытын айқындап берді.

Әсіресе, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне конституциялық мәртебе берілуі – саяси биліктің ауысуы мен басқару жүйесіндегі өзгерістерге қарамастан, азаматтардың құқықтарын берік қорғаудың басты кепіліне айналды. Сондай-ақ бүгінде елімізде іске асып жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен әлеуметтік теңсіздікті азайтудың негізгі өзегі.

Мемлекеттік қолдаудың адам өмірінің барлық кезеңдерін қамтуы, қымбат тұратын жоғары технологиялық оталардың тегін жасалуы және атаулы әлеуметтік көмектің жұмыспен қамту бағдарламаларымен ұштастырылуы – бүгінгі әлеуметтік саясаттың тиімділігін көрсетеді. Бұған қоса, білім беру тапсырысының жекеменшік мектептерге де берілуі салалық ресурстарды оңтайлы пайдалануға және салауатты бәсекелестікті арттыруға жол ашты. Мұндай кешенді тәсілдер елімізде «адамға бағдарланған» сервистік мемлекет үлгісін қалыптастыруға қызмет етуде. Бұл бағыттағы реформалардың мәні мен қоғамдық маңызы туралы Қазақстан Азаматтық Альянсының вице-президенті Гүлнар Құрбанбаевамен әңгімелестік.

– Жаңа Конституцияда Қазақстан әлеуметтік мемлекет қағидаттарын бекітті. Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері конституциялық мәртебеге ие болуы қаншалықты маңызды?

– Әлеуметтік мемлекет – өз саясатын қоғам мүдделері мен қажеттіліктері негізінде айқындайтын, ең алдымен, халықтың ең өзекті мәселелерін шешуге, азаматтарды лайықты өмір сүру деңгейімен және дамуға арналған тең мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет.

Сондықтан да мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне конституциялық мәртебе берілуінің стратегиялық маңызы өте жоғары. Осының арқасында отандастарымыз әлеуметтік қорғау, білім беру мен денсаулық сақтау, сондай-ақ отбасын және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау салаларында берік конституциялық кепілдіктерге ие болып отыр.

Азаматтық қоғамның белсенді өкілі ретінде және құқық қорғау саласындағы көпжылдық тәжірибеме сүйене отырып, мынаны нық сеніммен айта аламын: Негізгі заңда бекітілген бұл қосымша әлеуметтік кепілдіктер саяси биліктің ауысуы мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі ағымдағы өзгерістерге қарамастан, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын тиімді әрі нәтижелі қорғаудың басты кепілі.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсында әлеуметтік саясат Қазақстан дамуының негізгі басымдықтарының біріне айналды деп айтуға бола ма? Мемлекеттің әлеуметтік функциясын нығайтудағы оның рөлін неден көресіз?

– Иә, бұлай деп айтуға толық негіз бар. Жоғарыда атап өткенімдей, мемлекеттің әлеуметтік саясаты – қоғамдық-саяси және экономикалық процестерді мемлекеттік басқарудың басты стратегиялық бағыттарының бірі.

Мемлекет басшысының бастамасымен соңғы жылдары ең төменгі жалақы көлемінің кезең-кезеңімен артып келе жатқанын, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың тұрақты түрде индекстеліп отырғанын атап өтудің өзі жеткілікті. Сонымен қатар, Ұлттық қордың инвестициялық табысының белгілі бір бөлігін балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы есепшоттарына жыл сайын аударып тұруды көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы қоғам тарапынан өте жоғары қолдауға ие болды.

Бұған қоса, мемлекеттің ауылдық жерлердегі медицинаны өркендету, «Жайлы мектеп» жобасын тек ірі мегаполистерде ғана емес, еліміздің шалғай өңірлерінде де жүзеге асыру бағытындағы жұмыстары, сондай-ақ кәсіптік білім беру мен қайта даярлау бағдарламаларын жүйелендіру, жастардың жұмыспен қамтылуын қолдау шаралары да ерекше маңызға ие.

Елімізде енгізіліп жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы, шын мәнінде, Президенттің әлеуметтік саясатының басты өзегі (квинтэссенциясы) іспетті. Бұл тұжырымдама азаматтарға тең мүмкіндіктер туғызу, әлеуметтік теңсіздікті азайту, сапалы білім мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін нығайту арқылы өз елінің нағыз патриоты – белсенді азаматты қалыптастырудың қисынды әрі тиімді моделін құруға негізделген.

Осындай саясаттың нәтижесінде азаматтардың білім алу, жұмыспен қамтылу және кәсіпкерлік саласы арқылы өз әлеуетін толықтай жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасалады.

– Қазақстанда мемлекет тек базалық медициналық көмекті ғана емес, сонымен бірге қымбат тұратын жоғары технологиялық оталарды да қаржыландырады. Бұл тек медициналық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да қаншалықты маңызды?

– Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 32-бабында азаматтардың денсаулығын сақтау құқығы нақты бекітілген. Соған сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары өздері ақы төлемейтін медициналық көмек алуға толық құқылы.

Бұл ретте көрсетілетін тегін көмек түрлері заманауи жоғары технологиялық оталарды жасау қажеттілігін де қамтуы мүмкін. Жоғары технологиялық медициналық көмекті мемлекет тарапынан қаржыландырудың әлеуметтік маңызы өте жоғары. Мұндай күрделі оталардың құны жиі жағдайда ондаған миллион теңгеге жетеді, сондықтан мемлекеттік қолдау болмаса, олар отандық отбасылардың көпшілігі үшін қолжетімсіз болып қалар еді.

Дәл осындай оталардың мемлекет есебінен өтелуінің арқасында біздің азаматтарымыз табыс деңгейіне қарамастан, ең озық медициналық технологиялардың игілігін тең дәрежеде көріп отыр.

Бүгінде Қазақстанда медициналық білім беру деңгейі өте лайықты дәрежеде дамыған және елімізде жоғары білікті мамандар еңбек етеді. Біз кез келген деңгейдегі әрі кез келген күрделіліктегі медициналық қызметтерді өз елімізде көрсетуге толық қауқарлымыз. Егер дәрігерлеріміздің кәсіби қызметін тиімді атқаруы үшін оларды заманауи жоғары технологиялық құралдармен қамтамасыз ете алсақ, бұл – отандық медицина үшін үлкен жетістік және мемлекетіміздің оң имиджінің кепілі.

Ал жоғары технологияларды қолдану арқылы көрсетілетін мұндай білікті медициналық көмек адамдардың еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруге, мүгедектік қаупін айтарлықтай азайтуға және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей мүмкіндік беретіні сөзсіз.

– Бүгінде Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек жұмыспен қамту, кәсіптік білім беру және жұмысқа орналастыру бағдарламаларымен ұштастырылған. Әлеуметтік қолдаудың мұндай моделінің күшті тұстарын неден көресіз?

– Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, сондай-ақ еліміздің аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға беріледі.

Мұндай құқықтық ұстаным Қазақстан ратификациялаған, БҰҰ Бас Ассамблеясы 1966 жылғы 16 желтоқсанда қабылдаған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің негізгі қағидаттарымен толық үндеседі.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы атаулы әлеуметтік көмек тек уақытша өмірлік қиындықтарды шешуді ғана емес, сонымен бірге азаматтардың өз әл-ауқатын өз бетінше жақсартуына жағдай жасауды мақсат етеді. Егер дәстүрлі әлеуметтік жәрдем мәселені тек белгілі бір кезеңге ғана реттесе, ал бұл қолдауды кәсіптік оқыту және жұмысқа орналастыру шараларымен ұштастыру адамның жаңа дағдыларды игеруіне, лайықты жұмыс тауып, тұрақты табыс көзіне ие болуына жол ашады.

Отандастарымыз мемлекет тарапынан АӘК көрсетілген тұста, азаматтардың өздерінен де «жауапты қадам» күтілетінін нақты сезінуі қажет. Ол қадам – қоғамдағы масылдық көңіл-күйді еңсеріп, белсенді азаматтық және экономикалық қарекетті арттыру. Атаулы әлеуметтік көмектің негізгі оң нәтижесі мен тиімділігі де дәл осындай сындарлы әрі теңгерімді тәсілден айқын көрініс табады.

– Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік қолдау адам өмірінің барлық кезеңдерін – дүниеге келгеннен бастап, білім алу, жұмысқа орналасу және зейнетақымен қамсыздандырылуға дейінгі аралықты түгел қамтиды. Бұл мемлекеттің басымдықтары туралы не айтады?

– Бұл Қазақстанда әлеуметтік мемлекет қағидатының іс жүзінде өміршеңдік тауып жатқанын айғақтайды. Мемлекеттік саясаттың басты назарында – адам, оның құқықтары мен мұқтаждықтары, сондай-ақ саналы ғұмырының әрбір кезеңінде өмір сүру сапасын арттыру міндеті тұр.

Осы тұрғыда, еліміздің Президенті 2021 жылы «Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын» бекіткенін атап өткен орынды. Онда «Ең алдымен адамдар» қағидатына негізделген «адамға бағдарланған» модельді құру көзделген.

Аталған Тұжырымдамаға сәйкес, әлеуметтік саясат әрбір адам мен отбасының шынайы өмірлік жағдайларын негізге ала отырып құрылуы тиіс. Бұл өз кезегінде мынадай міндеттерді қамтиды:

Әлеуметтік қызметтердің сапалық деңгейі мен қолжетімділігін арттыру;

Атаулы әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту;

Адам капиталын жүйелі түрде өркендету;

Мемлекеттік органдардың жұмысында клиентке бағдарлану қағидатын бекіту;

Әлеуметтік сала бағытын цифрлық трансформациялау;

Өңірлік теңгерімсіздіктерді (алшақтықтарды) барынша азайту;

Нақты нәтижеге бағытталу – бұл халықтың әл-ауқаты, кедейлікті қысқарту, медициналық көмектің қолжетімділігі, білім беру сапасы, азаматтардың жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік қорғалу деңгейі сияқты мақсатты индикаторларға қол жеткізуді білдіреді.

Қорыта айтқанда, халықты әлеуметтік қолдау бағытындағы мемлекеттік басқару саясаты – азаматтардың өмір сүру сапасын көтеруге, адам капиталын дамытуға, мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге және тиімді, сервистік әрі адамға бағдарланған мемлекетті қалыптастыруға бағытталған біртұтас кешенді тәсілдер жүйесі.

– Мемлекеттік білім беру тапсырысының тек мемлекеттік қана емес, сонымен бірге жекеменшік мектептерге де таратылуы Қазақстанның білім беру саясатының ерекшеліктерінің біріне айналды. Мұндай тәсіл мемлекетке, білім беру жүйесіне және отбасылардың өзіне не береді?

– Ең алдымен, біздің нарықтық экономика жағдайында өмір сүріп жатқанымызды жете түсінуіміз қажет. Бұл жүйеде мемлекеттік және жекеменшік құрылымдар – соның ішінде білім беру саласында да – өзара тең шарттарда қызмет атқарады.

Біздің отандастарымыз білім беру жүйесінен оның меншік немесе ұйымдастырылу формасына қарамастан, ең алдымен, жоғары сапалы білім беру қызметін алуды күтеді.

Сол себепті де мемлекеттік білім беру тапсырысының жекеменшік мектептерге де таратылуы әбден қисынды әрі заңды үдеріс. Бұл қадам бүкіл білім беру жүйесінің ресурстарын анағұрлым тиімді әрі нәтижелі пайдалануға жол ашады. Мемлекет тұрғысынан алғанда бұл тек бюджет қаражаты есебінен ғана көптеген жаңа мектептер салу қажеттілігіне тәуелді болмай-ақ, сапалы білімнің қолжетімділігін кеңейтудің бірегей мүмкіндігі.

Бұл үдерістегі басты оң серпін – жекеменшік және мемлекеттік мектептер арасындағы салауатты бәсекелестіктің жандануы. Мұндай бәсекеден білім беру жүйесі тек ұтысқа ие болады, өйткені бұл ретте оқыту сапасы артып, заманауи модельдер мен озық әдістемелер енгізіледі, сондай-ақ еліміздің болашақ кәсіби әлеуеті одан әрі күшейе түседі.

Yorumlar
Diğer Haberler