Хаменеимен қоштасу рәсімінде мұрагері Моджтаба қара көрсетпеді

304
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HC4SKjkUsxSi7si8OsJ8BIZ8WkPdRB5ucVTUJL3B.webp

Иран тұрғындары елдің бұрынғы Жоғары көшбасшысы аятолла Хаменеиге арналған аза тұту шараларының үшінші күні Тегерандағы бас мешітке жиналды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Аза тұту шаралары өткен жұмада басталған болатын. Бейсенбі күні Хаменеи туған қаласы Мешхедте Имам Реза кесенесінің аумағында жерленбек. Бұл – Ирандағы ең маңызды зиярат орындарының бірі.

Жексенбіден бастап аятолланың денесімен қоштасу рәсімі Тегерандағы Мосалла Үлкен мешітінде өтіп жатыр.

Жексенбі күні жерлеу рәсіміне Хаменеидің үш ұлы – Масуд, Мостафа және Мейсам қатысты. Олар рәсімде Иран президенті Масуд Пезешкианмен және Ислам революциясы сақшылар корпусының басшысы Ахмад Вахидимен бірге болды.

Алайда олардың қатарында тағы бір ұлы – мұрагері Моджтаба Хаменеи көрінген жоқ. Бақылаушылардың пікірінше, бұған қауіпсіздік мәселелері себеп болуы мүмкін.

Әли Хаменеидің қазасынан кейін Моджтаба Хаменеи Иранның Жоғары көшбасшысы қызметіне кіріскен еді. Алайда лауазымға тағайындалғаннан бері ол бірде-бір рет көпшілік алдына шықпаған. Бұл оның денсаулығына қатысты түрлі қауесеттің таралуына себеп болды.

Моджтаба Хаменеи әкесі қаза тапқан америкалық-израильдік шабуыл кезінде жараланған болатын.

Жаңа Жоғары көшбасшы әкесінің жерлеу рәсіміне қатыса ма деген сұрақ аза тұту шарасының төңірегіндегі басты мәселелердің бірі болып отыр.

Иранды 37 жыл билеген Әли Хаменеи 2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израиль күштерінің Тегерандағы резиденцияға соққысынан қаза тапқан еді.

Yorumlar
Diğer Haberler