Даудың басы – Dеstroyer. Заң деген жандар не жазды?

420
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/bCaCgPZ8IrYRIEKFpVsk1PpLkxaKov623XizEh1H.png

Коллаж ЖИ көмегімен жасалды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің BYD Destroyer 05 автокөліктеріне қатысты дауға қатысты жауабы белгілі болды. Шамамен 5 мың адамға қатысты мәселеде кейбір жайттың басы ашылмай қалған сияқты. Нмесе Премьер-министр ол жайттардан бейхабар. Ол қандай жайттар еді?

Премьер аталған автокөліктерді әкелу кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының (ТН ВЭД ЕАЭО) 8703 60 309 8 коды қолданылуы тиіс болғанын, оған кедендік баж салығының 15 пайыздық мөлшерлемесі белгіленгенін айтады. Ал декларациялаушылар, оның айтуынша, баж салығы нөлдік мөлшерлемемен көзделген 8703 60 309 9 кодын пайдаланған.

Алайда бұл тұста мынандай маңызды жайттар айтылмаған.

8703 60 309 9 кодын импорттаушылар да, автокөлік иелері де таңдаған жоқ. Бұл кодты ресми түрде Қазақстан Республикасының кеден органы өзі белгілеген.

2024 жылы Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары № KZ/39855300/290324/0377/01 және № KZ/39855300/191224/1305/01 алдын ала сыныптау шешімдерін қабылдап, BYD Dеstroyer 05 автокөлігін дәл осы 8703 60 309 9 ТН ВЭД ЕАЭО коды бойынша жіктеді.

Бұл шешімдер қолданыста болды және ТН ВЭД ЕАЭО-ны бірыңғай қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың алдын ала шешімдерінің ресми деректер базасында жарияланды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 48-бабына сәйкес, бұл шешімдер кеден органдары үшін міндетті болды.

Алдын ала сыныптау шешімі (АСШ) – Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы мен ЕАЭО Кеден кодексіне сәйкес, тауарды әкелгенге дейін оның ТН ВЭД ЕАЭО бойынша кодын нақты айқындайтын ресми құжат. Ол кеден органдары үшін міндетті болып табылады және декларациялау кезінде осы кодты қолданудың заңдылығына кепілдік береді. АСШ – «жеке сипаттағы шешім» емес, ол тауарларды сыныптаудың бірыңғай тәжірибесінің қайнар көзі.

Мемлекет дәл осы мақсатта алдын ала шешімдер қабылдайды – сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар қай кодты қолдану керектігін алдын ала біліп, мемлекеттің құқықтық ұстанымының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Айтылған жайдың нәтижесінде парадоксалды жағдай қалыптасты.

Алдымен мемлекеттік орган тауардың кодын ресми түрде айқындап, оны бірыңғай қолдану үшін жариялайды, іс жүзінде нарықтың барлық қатысушыларына дәл осы кодты басшылыққа алуды ұсынады. Ал бір жылдан кейін сол кодтың дұрыс емес болғанын мәлімдеп, азаматтардан миллиондаған теңге көлемінде қосымша төлем талап етеді.

Сонда заңды сұрақ туындайды: егер қателікті мемлекеттік органның өзі жіберсе, оның салдарын неге азаматтар өтеуі тиіс?

Одан да таңғаларлығы – Үкімет қосымша есептеулердің заңдылығын 2026 жылы ғана алынған автокөліктің техникалық сипаттамалары арқылы негіздеуге тырысады.

Бірақ автокөліктер әкелінгеннен бір жыл өткен соң алынған ақпарат 2025 жылы кеден органдарының ресми шешімдеріне толық сәйкес әрекет еткен азаматтардың іс-әрекетінің заңдылығын қалай өзгерте алады?

Бұл жаңа мәліметтер алынған кезде автокөліктер Қазақстан Республикасының аумағына әлдеқашан әкелінген, кедендік рәсімдеуден өткен, еркін айналымға шығарылған, ішкі істер органдарында тіркелген және меншік иелерінің заңды иелігінде болған.

Іс жүзінде Үкімет мемлекет кез келген уақытта өзінің бұрынғы ұстанымын өзгертіп, оны кері күшпен қолданып, азаматтарға жаңа қаржылық талаптар қоя алады дегенді ұсынып отыр.

Мұндай тәсіл құқықтық айқындық қағидатын бұзып қана қоймай, алдын ала сыныптау шешімдері институтының мәнін толықтай жояды. Егер мемлекет кез келген уақытта өзінің ресми шешімдерінен бас тартып, өз қателіктерінің салдарын сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға жүктей алатын болса, онда кеден органдары қабылдайтын ресми шешімдердің құқықтық құндылығы қандай?

Автокөліктің техникалық сипаттамаларына қатысты мемлекеттік органдардың ұстанымы да қайшылыққа толы.

Премьер-министр іштен жанатын қозғалтқыштың ең жоғары қуаты 72 кВт екенін көрсетеді.

Ал Мемлекеттік кірістер комитеті бұған дейін 81 кВт деген мәліметке сүйенген.

Сонымен қатар автокөліктің зауыттық сәйкестендіру тақтайшасында өндіруші 78 кВт деп көрсеткен.

Яғни мемлекеттік органдар автокөліктің негізгі техникалық сипаттамаларының бірі жөнінде де ортақ пікірге келе алмай отыр.

Сонымен бірге бүгінгі күнге дейін тауарды сыныптау үшін шешуші мәнге ие көрсеткіш – электр қозғалтқышының ең жоғары 30 минуттық қуаты ресми түрде анықталған жоқ.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы тікелей өндірушіден ресми ақпарат алу немесе тәуелсіз техникалық және (немесе) кедендік сараптама жүргізудің орнына Мемлекеттік кірістер комитеті тек Қазақстандағы BYD брендінің өкілінен алынған мәліметтермен шектелген. Ал бұл ұйым BYD Destroyer 05 автокөлігінің өндірушісі емес, осы модельді импорттамайды және Қазақстан Республикасында оны ресми түрде сатпайды.

Оның үстіне өз жауабында мемлекеттік органдар BYD Destroyer 05 автокөлігіне Көлік құралының типін мақұлдау құжаты (ОТТС) берілмегенін тікелей көрсетеді. Ал дәл осы ОТТС құжатында электр қозғалтқышының 30 минуттық қуаты көрсетіледі. Демек, Қазақстандағы ресми өкілдің өзінде мұндай ресми техникалық құжат болмаған.

Сонда заңды сұрақ туындайды: неге мемлекеттік орган өндіруші мәртебесіне ие емес коммерциялық ұйымның мәліметтерін негізге алып, зауыт-өндірушіден ресми техникалық ақпарат алу қажеттілігін елемеді?

Бірақ мәселе мұнымен шектелмейді.

Премьер-министр кедендік тексерудің заңдылығы туралы мәселеге мүлде тоқталмаған.

Ал дәл осы тексеру Қазақстан Республикасының тауарлар шығарылғаннан кейін жүргізілетін кедендік бақылаудың негіздері, тағайындау тәртібі және өткізу рәсімдерін реттейтін заңнамасының талаптарын елеулі түрде бұза отырып жүргізілген.

Бұл заң бұзушылықтарды сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар бірнеше рет көрсеткенімен, Мемлекеттік кірістер комитеті де, Үкімет те оларға ешқандай құқықтық баға берген жоқ.

Тексерудің заңсыздығына қатысты дәлелдерге жауап берудің орнына мемлекеттік органдар жаңа сыныптаудің дұрыстығын ғана қайталайды.

Алайда мемлекет 2026 жылы автокөліктің жіктелуі жөніндегі ұстанымын өзгерткен күннің өзінде, бұл ең басты сұраққа жауап бермейді.

Неліктен азаматтар мемлекеттің өзінің ұстанымын өзгерткені үшін жауап беруі тиіс?

Неліктен заң талаптарының барлығын орындап, кеден органдарының міндетті шешімдеріне сүйенген адал автокөлік иелері бүгін «заң бұзушылар» ретінде көрсетілуде?

Егер мемлекет бұрын өзі қабылдаған алдын ала сыныптау шешімдерінің қате болғанын мойындаса, онда неге бұл қателіктер үшін жауапкершілік сол шешімдерді қабылдаған лауазымды тұлғаларға емес, мемлекеттің ресми актілеріне сенуге толық құқығы болған азаматтарға жүктеледі?

Үкімет осы сұрақтарға адал әрі құқықтық тұрғыдан негізделген жауап бермейінше, кедендік төлемдерді жаппай қосымша есептеудің заңдылығы туралы мәлімдемелерді сенімді деп қабылдау мүмкін емес.

Бұл дауда әңгіме тек бір автокөліктің жіктелуі туралы емес.

Мәселе әлдеқайда маңызды қағидатта: мемлекет алдымен міндетті шешім қабылдап, оның орындалуын талап етіп, кейін өз ұстанымын өзгертіп, сол мемлекеттің талаптарын адал орындаған азаматтардан ақшаны кері күшпен өндіріп алуы мүмкін бе?

Көлік иелерінің мәліметінше, 2025 жылдың ақпан мен қыркүйек айлары аралығында Қазақстанға BYD Destroyer 05 үлгісіндегі 5000-нан астам автокөлік әкелінген. Олар кедендік рәсімдеуде сол кезеңде қолданыста болған заңнама мен алдын ала сыныптау шешімдеріне (АСШ) сүйенгенін айтады. Яғни, импорттаушылар барлық төлемдерді ресми тарифтер бойынша төлеп, рәсімдерді толық аяқтаған. Сол кезеңде импорттаушылар алдын ала сыныптау шешімдеріне (АСШ/ПКР) сүйеніп, ТН ВЭД 8703603099 коды бойынша рәсім жүргізген. Бұл код сол уақытта жеңілдетілген салық режимін қолдануға мүмкіндік бергені айтылған. Одан кейін ТН ВЭД коды өзгертіліп, 8703603098 нұсқасы енгізілген және бұрынғы рәсімдерге қатысты қосымша салық есептеулері жасалған. Осы дауға байланысты Мәжіліс депутаты Абзал Құспан кезінде Бас көлік прокуратурасына депутаттық сауал жолдаған. Депутат өз сауалында көлік прокуратурасы мен мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттеріне кешенді құқықтық баға беруді, сондай-ақ қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеруді талап еткен.

Yorumlar
Diğer Haberler