Қырғызстанның министрлер кабинеті жанар-жағармай материалдары бағасын мемлекеттік реттеу шараларына қатысты шешімдерге өзгерістер енгізді. Бұл туралы Economist.kg жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Жаңа қаулыға сәйкес, АИ-95 маркалы бензин бағасына уақытша мемлекеттік реттеу енгізілуі мүмкін әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінен шығарылды.
Сонымен қатар 2026 жылдың 25 мамырындағы жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру туралы қаулыдан отынға шекті бөлшек сауда бағасын белгілеуді көздейтін норма алынып тасталды.
Құжат ресми жарияланған күннен бастап, яғни 7 шілдеде күшіне енді.
Еске салайық, 25 мамырда Қырғызстан билігі мұнай өнімдерін жеткізушілерді субсидиялау тетігін және отын бағасын уақытша мемлекеттік реттеу шараларын енгізген болатын.
Бұған дейін Қазақстанның энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Қырғызстан тарапы Қазақстанға бензин жеткізуді қамтамасыз ету туралы ресми өтініш жолдағанын мәлімдеген еді. Қазіргі уақытта бұл мәселе министрлік тарапынан қарастырылып жатыр.
Бүгінде Орталық Азия елдерінде бензин тапшылығы байқалуда. Бұған Ресейдегі жанармай дағдарысы себеп болып отыр. Дағдарыс украиналық дрондардың шабуылынан кейін бірқатар ірі мұнай өңдеу зауытының жұмысын тоқтатуынан туындаған. Соның салдарынан Ресейде жанармай бағасы қымбаттап, жанармай құю бекеттерінде кезектер көбейген.
Бұл жағдайды реттеу үшін Ресей билігі ішкі нарыққа арналған бензин мен дизель отынының сапасына қойылатын талаптарды уақытша төмендетуге рұқсат беріп, бензинді теңіз жолымен импорттау мүмкіндігін қарастырып жатыр.
