Перзентханада үшемнің шетінеуіне байланысты тексеріс басталды

252
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UgP3gq6r5VYYgtB6qJLfgKc7dNlvcNKTBXaQfqEh.webp

Алматы облысында дүниеге келген үшемнің үшеуі де шетінеп кетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Almaty.tv-ға сілтеп.

Марқұм сәбилердің туыстары медициналық көмек көрсету барысында қателік жіберілген болуы мүмкін деп күдіктеніп, құқық қорғау органдарына жүгінген. Туыстарының айтуынша, әйелдің жүктілігі алғашқы алты ай бойы қалыпты өткен. 17 шілдеден 18 шілдеге қараған түні оның толғағы мерзімінен бұрын басталып, алдымен Жамбыл аудандық ауруханасына жеткізілген. Кейін Қаскелеңдегі перзентханаға ауыстырылып, таңғы сағат 07:00-де үшем дүниеге келген.

Отбасының мәліметінше, дәрігерлер алдымен екі нәрестенің шетінеп кеткенін хабарлаған. Кейін үшінші сәбидің жағдайын білу үшін перзентханаға барған кезде оның да көз жұмғаны белгілі болған. Марқұмдардың туыстары сәбилердің денесін алу кезінде қажетті ресми құжаттардың берілмегенін айтып, балалардың мәйітін сәйкестендіруге қатысты күмән келтіріп отыр.

Өз кезегінде Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы әйелдің жүктіліктің 25-аптасында шұғыл жағдайда түскенін мәлімдеді. Медициналық мекеме мәліметінше, мұндай мерзімде дүниеге келген сәбилердің өмір сүру мүмкіндігі өте төмен болады, өйткені олардың өмірлік маңызды мүшелері толық жетілмейді. Сондай-ақ ауруханада көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты ішкі аудит басталғаны хабарланды.

Оқиғаға байланысты марқұмдардың туыстары тәуелсіз әрі жан-жақты тергеу жүргізуді, нәрестелердің өліміне не себеп болғанын анықтап, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды талап етті. Олардың айтуынша, үшінші сәбидің денесі әзірге отбасы мүшелеріне берілмеген.

Yorumlar
Diğer Haberler