Қазақстанда кітаптардағы мәтінді бояуға қатысты заң талабы жоқ – министрлік

242
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/mE35Z58ZaZIZu6qDJAmiJZxeaRWBh3H782b7Hx8y.png

Қазақстанда әдеби шығармалардың жекелеген үзінділерін алып тастауға немесе бояп жабуға қатысты заңнамалық талап жоқ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews-қа сілтеп.

 Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлаған.

Әлеуметтік желіде Астанадағы кітап дүкендерінің бірінен сатып алынған шетелдік баспаның кітабында мәтіннің бір бөлігі боялғаны туралы жазба кеңінен талқыланған. Оқырмандар мұндай басылымдардың Қазақстанда ешқандай түсіндірмесіз сатылуына қатысты сауал көтерген еді.

Министрліктің түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамада кітаптарды басып шығару немесе тарату кезінде олардың жекелеген бөліктерін міндетті түрде жасыру не жою туралы талап қарастырылмаған. Ведомствоның мәліметінше, кітаптағы мәтіннің өзгертілуі немесе жекелеген үзінділердің жабылуы шетелдік баспаның редакциялық саясатына және кітап жарық көрген елдің заңнамасына байланысты жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Қазақстанда экстремизмді, терроризмді, араздықты қоздыруды насихаттайтын және заңмен тыйым салынған өзге де ақпаратты таратуға тыйым салынған. Алайда бұл талап кітаптың жекелеген беттерін редакциялауға емес, басылымды тұтастай таратуға қатысты қолданылады. Министрлік шетелдік баспа өнімдеріне алдын ала редакциялық бақылау немесе цензура жүргізбейтінін атап өтті. Басылымның мазмұны мен редакциялық дайындығы оны шығарған мемлекеттің заңнамасына сәйкес баспа тарапынан айқындалады. Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанда кітап дүкендерін сатып алушыларға басылымдағы редакциялық өзгерістер туралы міндетті түрде ескертуге міндеттейтін арнайы құқықтық норма жоқ. Дегенмен, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, сатып алушы тауар туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы. Егер толық емес немесе дұрыс емес ақпарат тұтынушының таңдауына әсер етсе, ол өз құқығын заңнамада белгіленген тәртіппен қорғай алады.

Сондай-ақ министрлік Қазақстанда мәтіні қысқартылған немесе өзгертілген кітаптардың саны туралы дерек жоқ екенін хабарлады. Өйткені ведомство кітап дүкендерінің ассортиментіне есеп жүргізбейді және импортталатын коммерциялық басылымдардың мазмұнына мониторинг жасамайды.

Yorumlar
Diğer Haberler