Иран АҚШ-тың ықтимал жаңа шабуылдарына қатысты пікір білдірді

240
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/htO7UnfgC0FAyjLVSUJTbYpyjLKNEnYLGVF9Mwwq.webp

АҚШ екі түн қатарынан Иран аумағына соққы жасаған жоқ, осыған байланысты Тегеран да жауап операцияларын уақытша тоқтатты. Бұл туралы Иран Қарулы күштерінің ресми өкілі Мұхаммед Экреминия мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Анадолу» агенттігіне сілтеме жасап.

Айтуынша, Иранның стратегиясы жауап қайтару қағидатына негізделген. Сондықтан Иран әскері Таяу Шығыстағы америкалық нысандарға жасалған соққыларды уақытша тоқтатқан.

Экреминия АҚШ-тың стратегиясы Вашингтондағы мемлекеттік қайраткерлердің өзіне де түсініксіз екенін жеткізді. Оның сөзінше, бұған АҚШ өкілдерінің, соның ішінде президент Дональд Трамптың мәлімдемелері мен АҚШ Қарулы күштері қолбасшылығының әрекеттері айқын дәлел болады.

Сондай-ақ Иран армиясының өкілі АҚШ алдағы іс-қимылдың түрлі нұсқасын, оның ішінде ауқымды әуе шабуылдары мен құрлықтағы операцияны қарастырып отырғанын болжады.

Одан бөлек ол АҚШ әскери әрекеттерді жалғастыру туралы шешім қабылдаған жағдайда, Иран қазіргі қақтығыстың географиясын кеңейтетінін ескертті.

«Егер америкалықтар тағы да сионистердің жалған ақпаратына еріп немесе олардың жолын қуып, соғысты, әсіресе әуе шабуылдарын жалғастырса, қақтығыс ауқымы бұрынғыдан да кеңейе түседі», – деп келтіреді спикердің сөзін SNN арнасы.

Сонымен бірге Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеран Таяу Шығыс елдерін өз жауы деп санамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Иранның бұл елдердің аумағына жасаған соққылары тек АҚШ нысандарына қарсы бағытталған.

Yorumlar
Diğer Haberler