Қазақстандық инвесторлар Halyk Invest арқылы халал акцияларды сатып ала алады

234
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/n8GHlbSlqEWxe8lLhuvqb0Au1jrbtgLarx6XCyfV.png

Фото: id-east

Halyk Bank пен Ailat стартап-компаниясы Қазақстанда исламдық қаржы қызметтерін дамыту мақсатында серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Осы келісімнің арқасында бұған дейін исламдық депозиттермен ғана шектеліп келген қазақстандықтар қаржысын көбейтудің тағы бір құралына ие болады.

Halyk SuperApp қосымшасындағы Halyk Invest сервисінде халал акцияларға арналған жаңа бөлім пайда болды. Қазір ол пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Қолжетімді бағалы қағаздардың шариғат талаптарына сәйкестігі тұрақты түрде тексеріліп отырады. Ал инвесторлар акцияларды өздерінің инвестициялық мақсаттары мен тәуекелге деген көзқарасына қарай таңдай алады.

Halyk брокерлік басқармасының басшысы Назар Ердосовтің айтуынша, компания қолданушылардың әртүрлі топтарының қажеттіліктерін ескере отырып, Halyk Invest сервисін дамытуды жалғастырып келеді.

«Ailat компаниясының скрининг жүйесін пайдалана отырып, ислам талаптарына сәйкес іріктелген акциялардың арнайы тізімін іске қосып отырмыз. Бұл әрбір клиент үшін инвестициялық мүмкіндіктерді қолжетімді ету жолындағы тағы бір маңызды қадам», – деді Назар Ердосов.

Ailat компаниясының негізін қалаушы Азат Өтепбай Halyk-пен ынтымақтастық Қазақстанда этикалық, соның ішінде исламдық инвестицияларды қолжетімді ету бағытындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Оның айтуынша, елдегі ең ірі банктің миллиондаған клиентке бағалы қағаздарды шариғат талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеру және саналы инвестициялау мүмкіндігін ұсынуы маңызды. Қазіргі инвесторлар өз қаражатын қайда салып жатқанын және бұл инвестициялардың өз ұстанымдарына сәйкес келетінін білгісі келеді.

Ailat бұл қажеттілікті жасанды интеллект негізіндегі скрининг, сараптамалық әдістеме және деректер сапасын тұрақты бақылау арқылы қамтамасыз етеді.

Халал акциялар дегеніміз не?

Халал акциялар – қызметі мен қаржылық көрсеткіштері ислам талаптарына сәйкес келетін компаниялардың акциялары.

Мұндай бағалы қағаздарды іріктеу кезінде компания қызметінің бағыты, сондай-ақ оның қарыз деңгейі мен пайыздық кірістерінің рұқсат етілген шегі ескеріледі.

Акциялар қалай іріктеледі?

Инвесторларға компаниялардың шариғат талаптарына сәйкестігін өздері талдаудың қажеті жоқ. Ailat компаниялардың аудиттен өткен қаржылық есептілігі жарияланғаннан кейін тоқсанына бір рет тексеру жүргізеді.

Тексеру нәтижесіне қарай белгіленген талаптарға сәйкес келетін акциялар тізімі жаңартылып отырады.

Скрининг әдістемесі Ислам қаржы институттарына арналған бухгалтерлік есеп және аудит ұйымының (AAOIFI) халықаралық стандарттарына негізделген.

Автоматты түрде мына салалармен байланысты компаниялар тізімнен шығарылады:

  • дәстүрлі банк қызметі;
  • сақтандыру;
  • алкоголь өндірісі;
  • шошқа өнімдері;
  • құмар ойындар;
  • порнография;
  • музыка индустриясы;
  • қонақүй бизнесі;
  • киноиндустрия;
  • адамды клондау.

«Таза емес» табысқа не болады?

Halyk Invest түсіндіргендей, қызметінің бірнеше бағыты бар компанияларға да инвестиция салуға болады. Бірақ шариғатта тыйым салынған қызмет түрлерінен түсетін табыс компанияның жалпы кірісінің 5 пайызынан аспауы тиіс.

Егер компанияның мұндай қызметтен түсетін табысы 5 пайыздан аспаса, дивидендтердің соған сәйкес бөлігі «таза емес» табыс болып есептеледі. Бұл сома қайырымдылыққа бағытталады. Осы арқылы инвестордың табысы исламдық қаржы қағидаларына сәйкес «тазартылады».

Yorumlar
Diğer Haberler