Отыз төрт жылдан кейінгі жәрдемақы дауы шешілді

133
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg

Жамбылда анасы қайтыс болғаннан мүгедектігі бар ер адам асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындаудан бас тартуға қатысты сотқа жүгінді, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

34 жылдан кейін қозғалған дауды медиация тәртібімен реттеді.

Жамбыл облыстық соттарының ресми Telegram-арнасының мәліметінше, бала кезінен III топтағы мүгедектігі бар ер адам Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментіне талап арыз берген.

Талапкердің анасы 1992 жылы, ол кәмелетке толмаған кезде қайтыс болған. Ер адам анасының қолында тұрып, толықтай оның асырауында болған. 1994 жылы оған бала кезінен III топтағы мүгедектік ресми түрде белгіленген.

Кейін талапкер асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындау туралы департаментке өтініш берген. Алайда ведомство өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Негізгі себептердің бірі – анасы қайтыс болған кезде оның асырауында болғанын растайтын құжаттардың болмауы және мүгедектіктің қайтыс болғаннан кейін белгіленуі.

Талапкер бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді. Ол анасы қайтыс болған кезде кәмелетке толмағанын және өздігінен күн көруге мүмкіндігі болмағанын, ал мүгедектігі бала кезінен белгіленгенін алға тартты.

Сотта татуластыру рәсімдерін қолдану нәтижесінде тараптар дауды бейбіт жолмен шешуге келісті. Олар медиативтік келісім жасасты.

Келісімге сәйкес, талапкер жәрдемақы тағайындау туралы департаментке қайта өтініш беруге міндеттенді. Ал ведомство өтінішті заң талаптарына сәйкес қарап, тиісті шешім қабылдауға міндеттелді.

Медиативтік келісімді сот бекітті. Талапкерге бұрын төлеген мемлекеттік баж салығы қайтарылды.

Yorumlar
Diğer Haberler