Исландия Еуроодаққа қосылу жөніндегі келіссөздерді қайта бастауға қарсы дауыс берді

127
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/2cMUhx6f5g1avPatOVLe7ZtzaIsxRUd1OeNB8CaS.webp

Еуропалық одаққа кіру жөніндегі келіссөздер тоқтатылғаннан кейін 13 жыл өткен соң Исландия оларды қайта бастауға қарсы дауыс берді. Бұл туралы 30 тамызда BBC жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекеттік RUV телерадиокорпорациясының мәліметінше, 225 031 сайлаушының 52,8 пайызы үкіметтің ұсынысын қолдамаған, ал 47,2 пайызы оны қолдап дауыс берген. Дауыс айырмашылығы шамамен 12 600 болған.

Премьер-министр Криструн Фростадоттир бастаған солшыл-орталықшыл үкімет 2027 жылға дейін референдум өткізуді уәде еткен еді. Алайда әлемдегі жағдайға, соның ішінде АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияға қатысты мәлімдеген қоқан-лоққыларына байланысты оны ертерек өткізу туралы шешім қабылданған.

Дегенмен, халқы 400 мыңға жуық бұл арал мемлекетінде пікірталастар негізінен қауіпсіздік мәселелеріне емес, балық шаруашылығы саласына қатысты өрбіген.

RUV дерегінше, дауыс беруге сайлаушылардың 82,5 пайызы қатысқан. Бұл — Исландияда 2009 жылдан бері өткізіліп келе жатқан сайлаудағы ең жоғары көрсеткіш. Елде жалпы саны шамамен 270 мың азаматтың дауыс беру құқығы бар.

Дауыс беруге қойылған сұрақ: «Исландия Еуропалық одаққа кіру жөніндегі келіссөздерді қайта бастауы тиіс пе?» деген мазмұнда болған. Егер көпшілік «иә» деп дауыс берген жағдайда бұл ЕО-ға кіру туралы түпкілікті шешім емес, мүшелік туралы келісімге қол жеткізу жолындағы қадам болар еді. Мұндай келісім кейін тағы бір референдумда мақұлдануы қажет.

Сол сияқты қарсы дауыс беру де Исландияның болашақта келіссөздерді қайта бастау мүмкіндігін толық жоққа шығармайды.

Yorumlar
Diğer Haberler