Тегін дәрілерді заңсыз сатқан 60-тан астам дәріхана жауапқа тартылды

100
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HRGqXZ81OHAyYgmV5amXIoRel5rq46AWTsk5ufPn.jpg
Қазақстанда халыққа тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектерді заңсыз сатуға қатысты 60-тан астам дәріхана мен медициналық ұйым жауапқа тартылды. Заңбұзушылықтар дәрі-дәрмектерді цифрлық таңбалау жүйесі арқылы анықталған.

Мамандардың мәліметінше, дәріхана желілері арқылы тегін таратылатын дәрілердің 26 мыңнан астам қаптамасын қайта сатуға әрекет жасалған. Осы фактілер бойынша 106 медициналық ұйым мен дәріханада тексеру жүргізілді.

Тексеру нәтижесінде салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы көлемі 20 миллион теңгеден асты. Ал мемлекетке келтірілген алдын ала шығын 36 миллион теңгеден жоғары деп бағаланып отыр.

Бұған дейін, шілде айында Денсаулық сақтау министрлігі цифрлық таңбалау жүйесі соңғы екі жылда дәріханаларда тегін берілетін дәрі-дәрмектерді заңсыз қайта сатудың 25 мыңнан астам жағдайын анықтағанын хабарлаған болатын.

Цифрлық бақылау жүйесі дәрі-дәрмектердің айналымын қадағалап, олардың заңсыз сатылуын анықтауға мүмкіндік береді. Қыркүйек айынан бастап жүйе биологиялық белсенді қоспаларға да енгізіле бастады. Ал 2027 жылы цифрлық таңбалауды медициналық бұйымдарға енгізу жоспарланып отыр.

 

Yorumlar
Diğer Haberler