Фото: gov.kz
Атырау облысында жұмыс істейтін «Потенциал Ойл» мұнай компаниясы экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін 1,43 млрд теңгеден астам айыппұл төледі. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті хабарлады, деп жазады “Адырна”.
Компаниядағы заң бұзушылықтар өңірлік экология департаментінің тексеруі барысында анықталған. Тексеру кезінде өндірістік экологиялық бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмегені, ағынды суларға мониторинг жасау талаптарының сақталмағаны белгілі болған.
Сонымен қатар кәсіпорын міндетті экологиялық есептілікті уақытында ұсынбаған, кейбір есептерді дұрыс рәсімдемеген немесе мүлде тапсырмаған.
Рұқсатсыз жұмыстар мен нормативтен тыс шығарындылар анықталған
Экологиялық бақылау барысында компания нысандарында ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарылғаны және тиісті экологиялық рұқсаттарсыз жекелеген жұмыстардың жүргізілгені тіркелген.
Инспекторлар рұқсат етілген шығарындылар көлемінің асып кеткенін және қалдықтарды басқару талаптарының бұзылғанын да анықтаған. Бұдан бөлек, кәсіпорын аумағынан ластанған топырақ пен түптік шлам табылған. Аталған қалдықтар қажетті рұқсаттарсыз және бекітілген лимиттерсіз жинақталған.
Тексеру қорытындысында әкімшілік құқық бұзушылық туралы 37 хаттама толтырылып, жеті қаулы шығарылған. Өндіріп алынған айыппұлдардың жалпы көлемі 1 433 815 923 теңгені құрады.
Компания сот арқылы бұл шешімдерге шағымданған. Алайда бірінші және апелляциялық инстанциядағы соттар компанияның талаптарын қанағаттандырмаған. Қазіргі таңда айыппұлдың толық сомасы мемлекет кірісіне өндірілген.
Компания басшысына қатысты қылмыстық іс те болған
«Потенциал Ойл» компаниясына қатысты бұл алғашқы дау емес. 2026 жылғы тамызда компанияның бас директоры Ғабиден Қарамолдин Экология департаментінің қызметкерлеріне пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылған.
Сот материалдарына сәйкес, компания басшылығы экологиялық тексерудің нәтижесіне ықпал ету үшін 15 млн теңге көлемінде ақша беруге әрекет жасаған. Сот Қарамолдинге 270 млн теңге айыппұл салған.
Қазақстанда мұнай-газ компанияларына қатысты экологиялық талаптардың сақталуына байланысты ірі көлемдегі өндіріп алу шаралары бұған дейін де қолданылған.
Мәселен, 2025 жылғы қаңтарда «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына ағынды суларды жер қойнауына төгу, бұрғылау қалдықтарын белгіленген лимиттен артық жинау және нормативтен тыс шығарындыларға байланысты жалпы сомасы 32,2 млрд теңге айыппұл салынған.
Сол кезеңде Қашаған кен орнындағы оператор North Caspian Operating Company компаниясынан қажетті рұқсатсыз газды алауда жаққаны үшін 3,55 млрд теңге өндіріп алу туралы сот шешімі шыққан.
Ал 2026 жылы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясына нормативтен тыс шығарындылар мен ағынды суларды төккені үшін 2,07 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған.
Бұған дейін, 2018 жылы «Ембімұнайгаз» компаниясы Атырау облысындағы кен орындарында ілеспе газды заңсыз жаққаны үшін 6,6 млрд теңге төлеген.
«Потенциал Ойл» Атырау облысында көмірсутектерді барлау, өндіру және сатумен айналысады. Компанияның нысандарының қатарында Исатай ауданындағы «Жаңаталап Шығыс қанаты» кен орнының Орталық және Оңтүстік күмбездері бар.
