Жамбыл облысында Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы таныстырылды

161
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/OnipREzVeb8AFYrFrx2QD5UnCLgaI7J0iRaXuHmN.jpg

Жамбыл облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдары айтқан ой-тұжырымдары мен ел дамуына қатысты пайымдары топтастырылған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының таныстырылымы өтті.

Рухани-танымдық шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер, азаматтық қоғам өкілдері мен жастар қатысты.

Жиында кітаптың мазмұны мен онда қамтылған негізгі бағыттар талқыланып, оның қоғам үшін маңызы сөз болды.

Өңір басшысы жинақта Қазақстанның саяси, экономикалық және қоғамдық жаңғыруының идеялық негіздері, мемлекеттілікті нығайту, әділетті қоғам қалыптастыру және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған көзқарастар көрініс тапқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысының Жамбыл жеріне айрықша назар аударып, тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын баршаңыз жақсы білесіздер. Президенттің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, жаңа өндірістерді іске қосуға, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бастамалары өңіріміздің келешегі үшін айрықша маңызға ие.

Сонымен қатар Әулиеата өңірінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және рухани әлеуетін арттыру бағыттарына да ерекше мән берілуде. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау – бізге артылған үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Сондықтан Президент айқындаған стратегиялық міндеттерді сапалы жүзеге асырып, олардың нақты нәтижесін халықтың күнделікті өмірінен көрінетіндей ету – біздің ортақ міндетіміз, – деді Ербол Қарашөкеев.


Облыс әкімі атап өткендей, «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы осы жауапкершілікті терең сезінуге үндейді. Кітапта ел дамуына қатысты маңызды ойлармен қатар, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілік, заман өзгерістерін дұрыс бағамдау және болашақтың бағдарын айқындау мәселелері қамтылған.

Жинаққа тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бүгінге дейінгі баяндамаларда, мақалаларда, сұхбаттар мен еңбектерде айтылған негізгі ой-тұжырымдар енгізілген. Мемлекет, қоғам, азамат, заң, білім, ғылым, мәдениет және ел келешегіне қатысты пайымдар біртұтас мазмұндық жүйеге келтірілген. Бұл оқырманға қазіргі реформалардың идеялық бастауын, олардың қалыптасу жолын және мемлекеттік саясаттың басымдықтарына айналу үдерісін түсінуге мүмкіндік береді.

Таныстырылым барысында Қазақстан Журналистер одағының Жамбыл облысы бойынша төрағасы Жаңабай Миллионов, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторы Людмила Мельник және Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Кадралиев кітапта көтерілген мәселелерге қатысты орамды ойларын ортаға салды.

Жиын соңында қатысушылар кітаптың мазмұны мен негізгі идеялары жөнінде пікір алмасып, оның қоғамдық-саяси және рухани-танымдық маңызына тоқталды.

Yorumlar
Diğer Haberler