Путиннің резиденциясы аумағында жаңа құрылыс жүріп жатыр – BBC

183
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/7FkAOGAgwclEq3VQ8x2pK7ihbuddo5T0ZR0OeYep.jpg

Ресей президенті Владимир Путиннің Сочидегі «Бочаров ручей» мемлекеттік резиденциясының аумағында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды "Адырна".

BBC мәліметінше, жаңа нысандардың құрылысы Ресей Федерациясының федералдық күзет қызметінің (ФҚҚ) мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында жүзеге асырылуда.

Басылымның хабарлауынша, резиденция аумағындағы ескі ғимараттарды бұзу жұмыстары 2024 жылы басталған. 2025 жылдың қыркүйегіне қарай олардың орнында үлкен қазаншұңқыр пайда болған. Билік ғимараттардың бұзылғаны немесе оның себептері туралы ресми ақпарат таратпаған.

BBC зерттеген спутниктік суреттерге сәйкес, 2026 жылдың күзіне қарай аумақта жаңа ғимараттардың шатырлары көріне бастаған. Жаңа құрылыстың аумағы бұрынғы нысандардан да үлкен екені байқалады. Алайда спутниктік суреттер арқылы ғимараттардың нақты мақсаты мен қабат санын анықтау мүмкін емес.

BBC жаңа құрылысқа қатысты мемлекеттік келісімшарт туралы ақпаратты сот шешімдерінің бірінен анықтаған. Құжатта жұмыс «Ресей ФҚҚ-ның «Бочаров ручей» нысандарын салу және қайта жаңғырту» деп көрсетілген. Келісімшарт 2023–2027 жылдарға есептелген.

Басылымның мәліметінше, жобаның бас мердігері ретінде Қырымда тіркелген «Трансстройинвест» компаниялар тобы жұмыс істейді. Компанияның атауы «Бочаров ручей» аумағында жұмыс жүргізген бірнеше қосалқы мердігермен болған сот дауларында кездеседі.

Құрылыс жұмыстарына жұмысшылар ғаламтордағы хабарлама арқылы да тартылған. Хабарландыруларда нысанның күзеті күшейтілген аумақта орналасқаны, жұмысшылардың құжаттары тексерілетіні және арнайы рұқсат қажет екені жазылған.

2025 жылы монолитшілер, бетоншылар, тас қалаушылар мен арматуршылар ізделген. Кейбір хабарландыруларда нысанның атауы тікелей көрсетілсе, кейбірінде оның «стратегиялық» және «жабық» нысан екені ғана айтылған.

2026 жылы құрылыс мамандарына арналған хабарлама сипаты өзгеріп, ғимараттардың ішкі әрлеу жұмыстарына, соның ішінде жарықтандыру жүйесін және есіктерді орнататын мамандарға сұраныс артқан.

BBC жаңа кешеннің жалпы құны әзірге белгісіз екенін жазады. Басылым анықтаған жекелеген мердігерлік жұмыстардың құны 90 миллионнан 500 миллион рубльге дейін болған.

«Бочаров ручей» — Сочи қаласында орналасқан Ресей президентінің ресми мемлекеттік резиденциясы. BBC мәліметінше, жаңа құрылыс жұмыстарының нақты қандай нысандарды қамтитыны және кешеннің түпкілікті қандай мақсатта пайдаланылатыны әзірге ашық жарияланбаған.

Yorumlar
Diğer Haberler