Қаза тапқан сарбаздардың отбасына қолдау көрсету үшін қаражат жинақталды

122
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tZA60jwL2JOaQMBcYFCG9QJjOXyTTUjN0GjARhy6.jpg

Фото: ЖИ

Қазақстанда қаза болған және зардап шеккен сарбаздардың отбасына көмек көрсету үшін қаражат жинау ресми түрде аяқталды, деп хабарлайды "Адырна". 

Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов айтты.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған арнайы қордың жұмысына бақылау жасайтын комиссияны басқарады.

Бекмұрат Жүсіповтің айтуынша, қазіргі уақытта қорда қажетті көлемде қаражат жинақталған. Қаражат жинауға «Қазақстан Халық Кеңесінің» мүшелері, Құрылтай депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер, меценаттар және еліміздің түкпір-түкпіріндегі азаматтар атсалысқан.

Комиссия төрағасы жиналған қаражаттың қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккендер арасында әділ бөлінетінін айтты. Оның сөзінше, қаражатты бөлу және төлеу процесінің ашықтығын комиссия құрамындағы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері бақылайды.

Алдағы уақытта қор жұмысының барысы мен қаржылай көмекті төлеу кезеңдері туралы қоғамға тұрақты түрде ақпарат беріліп отырады.

«Қаржылай көмек жақынынан айырылғандардың қайғысын жеңілдете алмайтынын түсінеміз. Дегенмен осындай қиын сәтте отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету – біздің міндетіміз. Сіздер бұл қайғымен жалғыз қалмайсыздар», – деді Бекмұрат Жүсіпов.

Yorumlar
Diğer Haberler