Қазақ тілі мен аутизм. АҚШ-та тіл үйреткен маманның тәжірибесі мен түйгені

164
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/x3pPR7pBF1Q9VsSodr98xGRCTuDdINLIdK0V3SoO.jpg

Стэнфорд университетінің студенттеріне үш жыл бойы қазақ тілінен сабақ берген, бүгінде Лос-Анджелестегі HAAPE ұйымының аутист ересектерді жұмыспен қамту бағытын басқаратын қазақ қызы Фатима Молдашова «Адырна» ұлттық порталына сұхбат берді.
 
Әңгіме барысында ол шетелдік студенттердің қазақ тіліне қызығушылығы, АҚШ-тағы қазақ отбасыларының ана тілін сақтау мәселесі және аутизмге қатысты халықаралық тәжірибе туралы айтып берді.
 
– Фатима ханым, сізді Қазақстаннан Стэнфорд университетіне алып барған қандай жол?

– Мен Қазақстаннан 2015 жылы мемлекеттік грантпен АҚШ-қа оқуға кеттім. Сол жерде лингвистика мамандығы бойынша магистратураға түсіп, қазақ тілін оқыту мүмкіндігіне ие болдым. Кейін Индиана университетінде бес жыл жұмыс істедім.

Одан кейін Стэнфорд университетінен ұсыныс түсіп, олар мені қазақ тілін оқытуға шақырды. Осылайша Стэнфордта үш жыл бойы америкалық магистратура және докторантура студенттеріне қазақ тілінен сабақ бердім.

Мен сабақ берген студенттердің барлығы дерлік Қазақстанға қатысты зерттеулер жүргізіп, ғылыми мақалалар жазды. Олардың еңбектерінде Стэнфорд университетінде қазақ тілін меңгергені және осы тілді білуі Қазақстанды зерттеуге мүмкіндік бергені атап өтілді.

Сонымен қатар студенттерге ғылыми жұмыстарының тақырыбын таңдауға, зерттеу бағытын айқындауға да көмектестім. Яғни менің міндетім тек қазақ тілін үйретумен шектелмей, олардың Қазақстанға қатысты ғылыми ізденістеріне де бағыт-бағдар беру болды.

– Стэнфордтағы студенттерді қазақ тіліне қызықтыратын негізгі себеп қандай?

– Стэнфордта қазақ тілін оқитын студенттер, әдетте, Славистика департаментінде білім алады. Олар Қазақстанның мәдениеті мен тарихына қатысты белгілі бір тақырыпты таңдап, сол бағытта зерттеу жүргізеді. Әсіресе докторантура студенттері өздерінің зерттеу тақырыбына байланысты қазақ тілін меңгеруі қажет. Сондықтан олар үшін қазақ тілі курсын оқу міндетті.

Студенттер менің қазақ тілі курсыма екі семестр, яғни бір жыл бойы қатысады.

Стэнфордқа кез келген студент түсе бермейді, сондықтан мұнда білім алатындардың академиялық дайындығы өте жоғары. Сол себепті қазақ тілін үйренуге келген студенттер де ынталы әрі қабілетті. Бір семестрдің өзінде-ақ олардың қазақ тілінде жеткілікті деңгейде еркін сөйлеп кететін кездері бар. Кейбір студенттер қазақ тілінің бастапқы деңгейін бұған дейін оқып келген болуы мүмкін, сондықтан олардың барлығы тілді нөлден бастап үйренбейді.

Оқуын аяқтағаннан кейін студенттер алған тілдік білімін кәсіби саласында пайдаланады. Мысалы, олардың арасында кейін университетте профессор болып жұмыс істейтіндер бар. Кейбірі Қазақстанға қатысты зерттеулерін жалғастырса, енді бір бөлігі АҚШ Мемлекеттік департаменті секілді мемлекеттік мекемелерде қызмет етеді.

Сондықтан олар үшін қазақ тілін үйрену жай ғана шет тілін меңгеру емес. Қазақ тілі – олардың академиялық зерттеулері мен кәсіби қызметіне қажет маңызды құрал.

«ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ МЕН ДАЛА ФИЛОСОФИЯСЫН ЗЕРТТЕУ – ШЕТЕЛДІКТЕР ҮШІН ҮЛКЕН МҮМКІНДІК»

– Студенттердің қазақ тіліне деген қызығушылығын қалай арттырасыз? Оларды тілді үйренуге ынталандыратын негізгі фактор не?

– Студенттердің қазақ тіліне қызығушылығын арттыруда, ең алдымен, олардың белгілі бір тақырыпқа деген қызығушылығы негізге алынады. Мысалы, бір студентім Кеңес Одағындағы қазақ киносына қатысты зерттеу жүргізді. Сол тақырыпты тереңірек зерттеу барысында оған қазақ тілін меңгеру қажет болды.

Мен қазақ тілін оқытқанда жаңа грамматикалық ережелерді жай ғана түсіндіріп, жаттатуға тырыспаймын. Керісінше, студенттің зерттеу тақырыбына сүйене отырып, тілді практикалық тұрғыда үйретемін. Яғни оның ғылыми жұмысына қажетті тілдік дағдыларды бірге қалыптастырамыз. Мысалы, ғылыми мақалаларды талдаймыз, зерттеу жоспарын құрамыз. Студент өзінің мақсатын, зерттеу жұмысының соңында қандай нәтижеге қол жеткізгісі келетінін түсіндіреді. Соған қарай әрі қарай қандай бағытта жұмыс істеу керегін бірге анықтаймыз.

Осылайша студент жаңа дүниені зерттей отырып, қазақ тілін де меңгереді. Біз кейде бір тақырыптың айналасында ұзақ уақыт жұмыс істейміз. Сондықтан студент үшін тіл үйрену жеке мақсат емес, өзінің ғылыми ізденісіне жетелейтін құралға айналады.

Маған студенттер «қазақ тілін үйренуім керек» деген мақсатпен келмейді. Олар өз зерттеу тақырыбын аяқтап, ғылыми жұмысын нәтижелі қорғау үшін үлкен мотивациямен келеді. Қазақ тілін сол мақсатына жетудің бір құралы ретінде қабылдайды. Олардың нақты мақсаты бар және сол мақсатқа жету үшін жұмыс істейді.

Мен оларға «қазақ тілін дұрыс оқысаң, жаңа жұмыс табасың» немесе «жақсы адам боласың» деген сияқты жалпы уәж айтпаймын. Өйткені олар үшін қазақ тілін білудің нақты практикалық қажеттілігі бар. Тіл білу оларға диссертация, диплом немесе ғылыми жұмыс дайындауда, сондай-ақ эдвайзерлерімен жұмыс істеуде үлкен көмек береді.

Сонымен қатар қазақ мәдениеті мен дала философиясы шетел ғылымында әлі де толық әрі жан-жақты зерттеліп болған жоқ. Бұл – шетелдік зерттеушілер үшін үлкен мүмкіндік. Менің студенттерімнің арасында осы бағыттарды зерттеп, нәтижелерін ағылшын тіліндегі беделді ғылыми журналдарға жариялап жүргендер бар. Мұндай зерттеулер олардың академиялық мансабына да жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

–  Қазақ тілін шетелдік студенттерге үйретуде ең үлкен қиындық пен ең қызықты сәт қандай болды?

– Ең үлкен қиындықтың бірі – оқу материалдарын дайындауға және үнемі жетілдіріп отыруға көп уақыттың кетуі. Сонымен қатар бір топта оқитын студенттердің қазақ тілін меңгеру деңгейі әртүрлі болады. Мысалы, бір студент қазақ тілін Моңғолияда, енді бірі Қытайда үйреніп келуі мүмкін. Сондықтан олардың тілдік қоры, сөйлеу мәнері мен диалектілік ерекшеліктері де әртүрлі болады. Осындай жағдайда әр студенттің деңгейіне қарай жұмыс істеу және барлығына бірдей тиімді оқу тәсілін табу – оқытушы үшін үлкен жауапкершілік.

Ал ең қызықтысы – студенттердің қазақ тілін жай ғана үйреніп қоймай, оны нақты жобаларында қолдануы. Мысалы, Лорен есімді студентім бүркітшілік өнеріне қызығып, осы тақырыпты зерттеді. Кейін оның зерттеуі негізінде фильм түсіріліп, ол Санта-Барбара қаласында көрсетілді. Бұл мен үшін өте қызықты әрі қуанышты тәжірибе болды.

Жалпы, студенттерімнің нақты нәтижеге қол жеткізіп, белгілі бір жобалармен айналысқаны мен үшін ерекше маңызды. Олар қазақ тілін үйреніп қана қоймай, сол білімін зерттеуіне, шығармашылық жұмысына немесе кәсіби жобасына пайдаланады. Осындай сәттерде тіл үйретудің нәтижесін нақты көресіз.

«АҚШ-ТАҒЫ КЕЙ ҚАЗАҚ ОТБАСЫЛАР ҮЙІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙТІНІН ЖАСЫРАДЫ»

– Бір жазбаңызда АҚШ-тағы қазақтардың өз тілінде сөйлемейтіні туралы айттыңыз. Мұндай мәселенің негізгі себебі неде деп ойлайсыз?

– АҚШ-қа көшіп барған кейбір қазақ отбасыларында балаларын мектепке берген кезде үйде сөйлейтін тілді қазақ тілі деп көрсетпей, орыс немесе ағылшын тілін жазатын жағдайлар кездеседі. Яғни, кей қазақ отбасылар үйде қазақ тілінде сөйлейтіндерін жасырады. Тіпті қазақ тілін мектепке көрсетуден тартынуы мүмкін. Өйткені «қазақ тілін бәрібір ешкім түсінбейді» деген түсінік қалыптасқан.

Меніңше, бұл – тілдің мүмкіндігін дұрыс бағаламаудан туындайды. Кейбір адамдар орыс тілінің халықаралық деңгейдегі орны жоғары болғандықтан, оны баласына қажет тіл деп қабылдайды. Ал қазақ тілін тек Қазақстанның аумағында қолданылатын тіл ретінде көреді. Алайда АҚШ-тағы тілдік орта мен жағдайға қарасақ, бұл түсінік біртіндеп өзгеріп келеді. Соңғы жылдары орыс тілінің АҚШ-тағы беделі мен қолданылу аясы төмендеп кетті.

Сондықтан қазақ тілін жасырудың немесе оны екінші орынға қоюдың қажеті жоқ деп ойлаймын. Керісінше, шетелде тұратын қазақтар өз ана тілін ашық айтып, балаларына қазақ тілін үйретуге ұмтылуы керек.

– Сіз ұзақ жылдар бойы Қазақстаннан тыс жерде қазақ тілін оқытып, насихаттап келесіз. Бүгінгі қазақ тілінің Қазақстандағы жағдайына көңіліңіз тола ма? Мемлекеттік тілдің одан әрі дамуына не жетіспейді?

– Мен 18 жылдан бері шетелде қазақ тілін дәріптеп, насихаттап келемін. Осы уақыт ішінде Қазақстанға бір-екі жыл сайын келіп тұрамын. Сондықтан еліміздегі тілдік ортада болып жатқан өзгерістерді сырттай емес, өз көзіммен көріп, бақылап жүрмін.

Соңғы 5-6 жылда, әсіресе жастардың, оның ішінде қала жастарының қазақ тіліне деген қызығушылығы айтарлықтай артқанын байқадым. Тіпті Калифорниядағы Google секілді ірі компанияларда жұмыс істеп, шетелде жақсы мансап құрып жүрген қазақ жастарының өзі соңғы уақытта балаларын қазақ мектебіне беру үшін Алматыға қайта көшіп келіп жатыр.

Олардың көпшілігі өздері шетелде білім алған. Балалары да шетелде өсіп, қазақ тілін табиғи ортада меңгере алмай қалуы мүмкін екенін түсінеді. Өздері қазақша еркін сөйлегенімен, балаларының қазақ тілін дәл сол деңгейде табиғи түрде үйренуі қиын екенін байқайды. Сондықтан балаларының негізгі білім іргетасын Қазақстанда қалап, қазақ тілін ана тілі ретінде меңгергенін қалайды. Бұл – қазақ тіліне деген сұраныстың артып келе жатқанының бір көрінісі деп ойлаймын.

Алайда қазақ тілін оқыту әдістемесінде әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Қазіргі заман талабына толық сәйкес келмейтін, бұрыннан қалыптасқан грамматикалық ережелер мен дәстүрлі тәсілдер әлі де көп қолданылады. Ал бүгінгі балаларға тіл үйретуде заманауи, қызықты әрі өмірмен байланысты мазмұн мен жаңа әдістер қажет.

Сондықтан кейбір адамдар қазақ тілін үйренуге бастапқыда үлкен қызығушылық танытқанымен, уақыт өте келе ынтасы төмендеп кетуі мүмкін. Меніңше, бұған оқыту әдістемесінің жеткіліксіздігі де әсер етеді. Тілді үйренуге деген қызығушылық бар, сұраныс бар, енді сол сұранысқа жауап беретін сапалы әдістеме қажет.

Мемлекет тарапынан қазақ тілін оқытудың жаңа тәсілдерін дамытуға көбірек көңіл бөлінуі керек. Әсіресе қазақ тілін ана тілі ретінде емес, екінші тіл ретінде меңгеріп жатқан адамдарға арналған тиімді бағдарламалар қажет. Сонымен қатар жаңа технологиялар мен заманауи оқыту құралдарын қазақ тілін үйрету үдерісіне кеңінен енгізу маңызды.

Меніңше, бүгінгі мәселе қазақ тіліне деген қызығушылықтың жоқтығында емес. Керісінше, қызығушылық артып келеді. Ендігі міндет – соны тұрақты нәтижеге айналдыратын, заманауи әрі тиімді қазақ тілін оқыту жүйесін қалыптастыру.

– Тілді сақтап қалуда отбасының рөлі қандай? Қазіргі ата-аналарға ана тілін балаға сіңіру үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– Ана тілін балаға үйретуде отбасының рөлі өте маңызды. Бала тілді ең алдымен үйден, ата-анасынан естіп, табиғи түрде меңгереді. Сондықтан үйде мүмкіндігінше тек қазақ тілінде сөйлесуге тырысу керек. Бұл үшін арнайы сабақ ұйымдастырудың қажеті жоқ, күнделікті өмірдің өзінде қазақ тілін тұрақты қолдану жеткілікті.

Мысалы, бірге тамақтанған кезде ата-ана да, бала да телефонды бір шетке қойып, бір-бірімен қазақша сөйлескені дұрыс. Әр отбасы мүшесі сол күні не істегенін, қандай жағдай болғанын айтып, өзара әңгімелесіп отырғаны маңызды. Осындай қарапайым күнделікті қарым-қатынастың өзі баланың сөздік қорын қалыптастырады.

Тағы бір маңызды нәрсе – ұлттық дәстүрді сақтау. Дәстүр, отбасыдағы әңгіме, бірге тамақтану, үлкендермен араласу сияқты дүниелердің барлығы тілмен тығыз байланысты. Бала қазақ тілін тек сабақта емес, отбасының күнделікті өмірінде естіп, қолданып өсуі керек.

«АУТИЗМ ТАҚЫРЫБЫ – МЕНІҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫМНЫҢ БІР БӨЛІГІ»

– Соңғы жылдары сіз аутизм мәселесін де белсенді көтеріп жүрсіз. Бұл тақырыпқа келуіңізге не себеп болды?

– Мен көп жылдар бойы дарынды балалардың ата-аналарына кеңес беру саласында жұмыс істедім. Осы бағыттағы түрлі ұйымдардың құрамында болдым. Он жылдан астам уақыт бойы Калифорниядағы жоғары мектептерде дарынды балаларға мамандық таңдауға және болашақ бағытын анықтауға көмектесетін кеңесші болып қызмет атқардым. АҚШ-та бұл мамандықты «advisor» немесе «counselor» деп атайды.

Сол жұмыс барысында дарынды балалардың арасында аутизм диагнозы бар балалардың да кездесетінін байқадым. Олардың өзіндік ерекшеліктері мен қабілеттері болады. Осы тақырыпқа байланысты дарынды балаларға арналған ғылыми конференцияларға қатысып, аутизм спектріндегі балалардың ерекшеліктері туралы көп нәрсе үйрендім.

Уақыт өте келе аутизмі бар балалардың ата-аналарымен де тығыз жұмыс істей бастадым. Олардың мәселелерімен, сұрақтарымен және қажеттіліктерімен жақынырақ танысқан сайын бұл бағытқа деген қызығушылығым арта түсті. Осылайша аутизм тақырыбы менің кәсіби ізденісімнің және қоғамдық қызығушылығымның бір бөлігіне айналды.

– Стэнфордта аутизм мәселесіне қатысты зерттеулер жүргізіліп жатқанын айттыңыз. Осы бағыттағы халықаралық тәжірибені Қазақстанға енгізу бойынша қандай жұмыстар атқарып жүрсіз?

– Стэнфорд университетінде аутизмі бар балаларды зерттейтін арнайы зертхана бар. Сол зертхананың директоры, профессор әрі дәрігермен танысып, бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік алдым. Төрт жылдан бері сол жерде жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулермен және заманауи әдістемелермен танысып, оларды Қазақстанға енгізудің жолдарын іздеп келемін.

Осы уақыт ішінде Атырауға барып, аутизм орталықтарында жұмыс істейтін мамандарды жинап, арнайы семинарлар ұйымдастырдық. Алайда бұл әдістемелерді Қазақстандағы орталықтардың жұмысына нақты енгізудің жолын табу оңай болған жоқ. Бюрократиялық кедергілер көп кездесті, әрі мұндай тәжірибені енгізудің бірізді, жүйелі механизмі қалыптаспаған. Соның салдарынан бастапқыда күткен нәтижеге толық жете алмадық.

Сондықтан биыл бұл бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге тырысып жатырмын. Қазақстандағы аутизмі бар балалар мен олардың ата-аналарына нақты пайдасы тиетін, тиімділігі зерттеулермен негізделген жаңа әдістемелерді қолданып жүрген Техас университетінің профессор-дәрігерін арнайы шақырдым.

Ендігі мақсатымыз – оның тәжірибесін тек бір орталықта ғана қалдырмай, Қазақстанның әр өңіріне тарату. Ең бастысы, шетелдік тәжірибені жай ғана таныстырып қоймай, оны еліміздегі мамандардың күнделікті жұмысына енгізіп, балалар мен ата-аналарға нақты пайдасын тигізетін жүйе қалыптастыру.

«БАЛАНЫ ӨЗГЕРТУ ЕМЕС, ОНЫҢ МҮМКІНДІГІН АШУ МАҢЫЗДЫ»

– Аутизмі бар баланың ата-анасы ең алдымен нені түсінуі керек? Оларға қандай қолдау маңызды?

– Ең алдымен, ата-ана баласын қандай болса, солай қабылдауы керек. Баласының аутизмі бар екенін түсініп, оның ерекшелігін қабылдауға және толық қолдау көрсетуге дайын болғаннан кейін ғана түрлі дамыту немесе қолдау әдістерінің нәтижесі тиімді болады деп ойлаймын.

Қазір АҚШ-та «аутизм» дегеннен гөрі «нейродивергент» ұғымы жиі қолданылады. Яғни адамның миы мен әлемді қабылдауы нейротиптік адамдардан өзгеше болуы мүмкін. Бұл міндетті түрде «түзетуді» немесе баланы басқалар сияқты етуге тырысуды қажет ететін нәрсе емес.

Керісінше, баланы қоғам қабылдайтын белгілі бір қалыпқа күштеп салу оған үлкен стресс әкелуі мүмкін. Сондықтан баланың ерекшелігін қабылдап, соған сәйкес қолдау мен тиімді әдістерді таңдаған дұрыс. Негізгі мақсат – оның қоғамның толыққанды мүшесі болып өмір сүруіне, білім алуына және болашақта өзіне лайықты кәсіби жолын табуына жағдай жасау.

Қанша профессорды, қанша маманды шақырып, қанша түрлі әдісті қолдансақ та, егер ата-ана баласын қабылдамай, «ертең ол міндетті түрде өзгеріп, біз сияқты болуы керек» деген түсінікте болса, нәтиже беруі қиын. Ең бастысы – баланың бойындағы потенциалды көре білу.

Нейродивергент болып дүниеге келген баланың да қабілеті мен мүмкіндігі өте көп болуы мүмкін. Алайда ата-ана бар күшін оны міндетті түрде өзгертуге жұмсаса, баланың бойындағы сол потенциалдың ашылмай қалу қаупі бар.

Мысалы, оңқай адамды міндетті түрде сол қолымен жазуға мәжбүрлеу оған қаншалықты қиын болса, нейродивергентті баланы да өз табиғатына қайшы қалыпқа салу сондай әсер етуі мүмкін.

Сондықтан біздің басты мақсатымыз – баланы өзгерту емес, оны түсіну, қабылдау және өз мүмкіндігін толық ашуына жағдай жасау.

– АҚШ пен Қазақстандағы аутизмге қатысты көзқарас пен қолдау жүйесін салыстырсаңыз, бізге қандай тәжірибені үйрену қажет?

– АҚШ-та соңғы жылдары аутизм мәселесіне қоғам тарапынан көп көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта арнайы зерттеулер жүргізетін университеттер мен ғылыми орталықтар бар. Көптеген оқу орындарында аутизм мәселесін зерттейтін арнайы департаменттер немесе орталықтар жұмыс істейді.

Сонымен қатар АҚШ-та аутизмі бар адамдарға 18 жастан кейін де қолдау көрсететін арнайы орталықтар бар. Онда түрлі тренингтер өткізіліп, жастардың өз бетінше өмір сүруіне және еңбек нарығына араласуына көмектеседі. Соның ішінде жұмысқа орналасуға қажетті дағдыларды үйрететін тегін кәсіби бағдарламалар да бар. Мұндай жұмыстарды жүзеге асыратын арнайы қорлар да жұмыс істейді.

Мен де Лос-Анджелесте осындай қорлардың бірін басқарамын. Бұл ұйымдарға донорлар мен инвесторлар тарапынан қолдау көрсетіледі. Себебі қазіргі кезде аутизм мәселесіне қатысты әлеуметтік жобалар мен арнайы бағдарламаларға қызығушылық артып келеді.

Мұнда ең маңызды мәселенің бірі – аутист адамдардың қабілетін дұрыс танып, оны кәсіби бағытта пайдалану. Мысалы, кейбір аутист адамдардың белгілі бір іске ұзақ уақыт бойы зейін қойып, оны өте мұқият орындау қабілеті жоғары болуы мүмкін. Қазіргі таңда мұндай қасиеттер көптеген мамандықтарда қажет.

Мәселен, зертханада ғылыми жұмыстар жүргізу, техникалық құралдардың белгілі бір бөлшектерін жөндеу немесе ұшақ секілді күрделі техниканың бөлшектерімен жұмыс істеу кезінде жоғары деңгейдегі зейін мен ұқыптылық талап етіледі. Осындай салаларда кейбір аутист адамдардың қабілетін тиімді пайдалануға болады.

Сондықтан АҚШ-та арнайы қорлар арқылы аутист жастарды түрлі кәсіби бағыттарға дайындайтын тренингтер ұйымдастырылады. Мысалы, киберқауіпсіздік, IT, техникалық және басқа да дәлдікті талап ететін салалар бойынша кәсіби дағдылар үйретіледі. Кейбір компаниялар да осындай мамандарды жұмысқа тартуға мүдделі.

Менің ойымша, бұл тәжірибені Қазақстанда да дамытуға болады. Ең бастысы – аутист жастарды тек көмекке мұқтаж адамдар ретінде қарастырмай, олардың қабілеті мен әлеуетін көре білу. Сол қабілетті дұрыс бағыттап, нақты кәсіби дағдыға айналдыру қажет. Бұл олардың еңбек нарығына араласуына ғана емес, өзіне деген сенімінің артуына да мүмкіндік береді.

Мысалы, АҚШ-та ұшақ бөлшектерін шығаратын немесе әскери-техникалық бағытта жұмыс істейтін компаниялар бар. Жоғары дәлдік пен ұқыптылықты қажет ететін осындай салаларда арнайы дайындықтан өткен мамандардың еңбегіне сұраныс болуы мүмкін. Қазақстанда да осы бағытта жүйелі бағдарлама қалыптастырып, аутист жастардың әлеуетін кәсіби ортада іске асыруға мүмкіндік жасауға болады.

– Қазақстанда аутизм туралы ең үлкен қате түсінік қандай? Бұл стереотиптерді қалай өзгертуге болады?

– Меніңше, Қазақстандағы ең үлкен қате түсініктердің бірі – аутизмді міндетті түрде «жазылып кететін ауру» ретінде қабылдау. Соның салдарынан ата-аналар баласына диагноз қойылғаннан кейін бір орталықтан екіншісіне барып, түрлі әдістерді іздеп, көп қаражат жұмсайды. Яғни кейде басты назар баланың нақты қажеттілігі мен қабілетінен гөрі, диагнозды «жоюға» бағытталып кетеді.

Ал АҚШ-та аутизмге көзқарас біртіндеп өзгеше бағытқа ауысып келеді. Ол жерде аутист адамды миы мен әлемді қабылдауы өзгеше қалыптасқан адам ретінде қарастырып, ең алдымен оның потенциалын ашуға көңіл бөледі. Мұнда strength-based approach, яғни адамның әлсіз тұстарын ғана түзетуге емес, күшті жақтары мен қабілеттерін анықтап, соларды дамытуға негізделген тәсіл қолданылады.

Сондықтан ата-ана «балам қашан жазылып кетеді?» деген сұрақтан гөрі, «баламның қандай қабілеті бар және сол қабілетін қалай аша аламын?» деген сұрақты қойғаны дұрыс деп ойлаймын.

Тағы бір маңызды мәселе – баланы міндетті түрде қоғамдағы қалыпқа бейімдеуге тырысу. Кейде ата-ана «баламды ортаға бейімдеуім керек» деп өзі де, баласы да үлкен стреске түседі. Оның орнына «балам үшін қолайлы орта қалай қалыптастырамын?» деген көзқарас қажет. Сонда баланың алдында жаңа мүмкіндіктер ашылады.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Yorumlar
Diğer Haberler