Қорғаныс министрлігін тексеру. 13 қылмыстық іс қозғалып, бес адам қамауға алынды

112
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/SRE6pC4UiJlxN7Bmo3cvBVNpemKWMN8ECf5wDQuk.webp

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссияның алғашқы қорытындылары баяндалды. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Президент комиссия мүшелерімен кездесіп, атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелерін тыңдады. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары бойынша есеп берді.

Жиында Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға Қарулы күштердегі бірқатар жүйелі мәселенің барын көрсеткені айтылды. Алдын ала тергеу деректері бойынша, әскери іс-шараларды ұйымдастыру және жоспарлау кезінде елеулі қателіктерге жол берілген. Сонымен бірге бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті бақылау болмағаны анықталған.

Президент алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын атап өтті. Алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі барлық лауазымды тұлға заң аясында жауапқа тартылуы керек екенін айтты. Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында болмақ.

Тексерістің алғашқы кезеңі бойынша құқық қорғау органдары Қорғаныс министрлігіне қатысты 13 қылмыстық іс қозғаған. Олар мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және министрлікке қарасты ұйымдар мен бөлімшелердегі өзге де заң бұзушылықтарға байланысты.

Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаны зерделеу барысында оқу-жаттығуларды жоспарлау, тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде бірқатар елеулі кемшілік болғаны анықталған.

Қолбасшылық құрамның салғырттығына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Қазір бес лауазымды тұлға қамауға алынған. Тергеу аяқталғаннан кейін олардың әрекетіне құқықтық баға берілмек.

Сонымен қатар әскери тәртіп пен жеке құрам арасында алдын алу жұмыстарының деңгейінде де кемшіліктер бары анықталды. Әскерилерге әлімжеттік жасау және жарғы талаптарын бұзу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған.

Тексеру барысында әскери қауіпсіздік талаптарын сақтау, әскери қызмет өткеру жағдайлары, тылдық қамтамасыз ету және жеке құраммен тәрбие жұмысын жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Тексеру нәтижелері Қарулы күштерді реформалау жоспарын әзірлеу кезінде ескерілуі тиіс.

Мемлекет басшысы қазіргі заманғы сын-қатерлерге тиімді жауап бере алатын жаңа үлгідегі армия қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта әскери тәртіпті күшейту, қызметшілерге тиісті жағдай жасау және қауіпсіздік деңгейін арттыру негізгі міндеттердің бірі болмақ.

Сонымен қатар кешенді тексерістің объективті әрі жан-жақты жүргізілуі және оның Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігіне кері әсер етпеуі қажет екені айтылды.

Президент Қарулы күштер қатарында Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидаты қатаң сақталуға тиіс екенін атап өтті.

Комиссияның жұмысы жалғасып жатыр.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкеткен. Олар Каспий жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырма орындап жатқанда ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 14 әскери қызметші қаза тапқан, үшеуі құтқарылды. 

Қайғылы оқиғадан кейін 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған болатын.

Yorumlar
Diğer Haberler