Каспий арқылы 700 шақырым. Ираннан балық қуғандар Қарақияда сотталды

100
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/yvjXzGsRVW0xpkvW1i3LQ1qBDFqVg9NRaR9JU7Ci.jpg

Маңғыстау облысында Каспий теңізі арқылы Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен Иранның үш азаматына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Адырна".

Оқиға 24 шілдеде болған. Иран азаматтары Каспий теңізінде балық аулап жүріп, мемлекеттік шекараны өткізу пунктінен тыс жерде заңсыз кесіп өткен. Оларды Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілері ұстаған.

Аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша мемлекеттік шекараны өткізу пункттерінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өтуді көздейді.

Қарақия аудандық соты үш азаматты кінәлі деп танып, әрқайсысына бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар олар жазасын өтегеннен кейін Қазақстан аумағынан шығарылуға тиіс.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Прокуратураның мәліметінше, мемлекеттік шекараны белгіленген өткізу пункттерінен тыс жерде заңсыз кесіп өту заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.

Айта кетейік, Каспий теңізі арқылы Қазақстанның оңтүстік жағалауынан Иранның солтүстік жағалауына дейінгі ең қысқа қашықтық шамамен 700–750 шақырымды құрайды. Ал Ақтау портынан Иранның Энзели немесе Амирабад порттарына дейінгі теңіз жолының ұзындығы шамамен 850–900 шақырым, яғни 460–480 теңіз миліне жуық.

Yorumlar
Diğer Haberler