Мектеп жақта аю жүр. Маймақтар Риддерге жетті, тұрғындар алаңдаулы

331
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/glVRoDc1pGQ5qQxzOb2cg9078GHqPV4GyOWFsxHW.jpg

Фото: arctic-freedom

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласының тұрғындары соңғы күндері жабайы аюларды бірнеше рет байқаған. Жыртқыштар тұрғын үйлердің, дүкендердің маңында және №12 жаңа мектепке апаратын жолда жүрген. Бұл жағдай қала тұрғындарының, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық туғызды, деп хабарлайды "Адырна".

Куәгерлердің айтуынша, өткен түні Лазо көшесіндегі №13 үйдің ауласында қонжығы бар аю жүрген. Оқиға орнында түсірілген видеода аюлардың жеке үйдің аумағына кіргені көрінеді. Үй иесінің иті оларға үріп, қарсы шыққан кезде, жабайы аңдар қаша жөнелген. Олар темір қоршаудан асып өтіп, кейін «Крестьянский дом» дүкенінің маңында байқалған.

Тұрғындар болған жағдайға байланысты полиция шақырған.

Таңертең әлеуметтік желілер мен қалалық чаттарда аюлардың басқа көшелерде де көрінгені туралы хабарламалар тарады. Бір тұрғын түнгі сағат төрттер шамасында Семей көшесінен екі аюды кездестіргенін жазған. Аталған көшеде «Крестьянский дом» дүкені де орналасқан.

Сонымен қатар, түнгі сағат бірлерде Базарная көшесінде де аюлар видеоға түсірілген. Куәгерлердің мәліметінше, жабайы аңдар №12 жаңа мектепке қарай бара жатқан жолда жүрген. Кадрлардан бұған дейін байқалған қонжығы бар аюды көруге болады. Кейін екі қонжығымен жүрген аю бейнеленген өзге видеолар да жарияланды.

Бір күн бұрын қала тұрғындары Таловка ауданында да аюларды көргендерін хабарлаған. Олар жабайы аңдардың іздерін және бүлінген қоршауларды суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде бөліскен.

Оқиғаға байланысты ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман және аңшылық шаруашылығының жедел ден қою жасағы Риддерге барған. Қазір инспекторлар аюлардың қозғалысын бақылап, оларды үркіту және елді мекен аумағынан шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жедел ден қою жасағының басшысы Ермек Бағланұлының сөзінше, күннің суытуы мен қардың түсуі аюлардың қысқы ұйқыға дайындалу кезеңін жақындатады.

«Риддерде ауа райы бұзылып жатыр, жақында қар жауады. Алғашқы қар түскеннен кейін аюлар апандарына жақындайды, оларды дайындай бастайды. Екі аптадай күту керек, содан кейін аңдар тауға кетеді. Бір жарым айдан кейін қысқы ұйқыға жатады», – деді ол.

Қала тұрғындары, әсіресе екінші ауысымда оқитын балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы. Ата-аналар оқушылардың кешкі уақытта мектептен үйіне қайту кезінде жабайы аңдарға кезігіп қалуынан қауіптенеді. Олар аюлардың қала аумағында қайта-қайта пайда болуына байланысты тиісті шараларды күшейтуді талап етіп отыр.

Айта кетейік, шілде айының соңында Риддер маңындағы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының аумағында аю омартада жұмыс істеп жүрген 58 жастағы ер адамға шабуыл жасаған болатын.

Ер адам ауыр жарақат алып, бірнеше күн бойы жансақтау бөлімінде емделді. Ол 19 тамызда ауруханадан шығарылған. Оқиғадан кейін шабуыл жасаған аюды инспекторлар атып өлтірген.

Yorumlar
Diğer Haberler