Кем дегенде 12 адам қаза тауып, 309 адам жараланды. Қазақстан хуситтердің Сауд Арабиясына шабуылын айыптады

124
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xlutJRXhudFe9ZMt5XaUB4qf4SI0AaDsuu0PRrzb.jpg

Фото: Social Media/REUTERS

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласындағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылды қатаң айыптады. Қазіргі уақытта оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды “Адырна”.

Алдын ала мәлімет бойынша, олардың арасында қазақстандықтар жоқ.

Сауд Арабиясының Азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алған. Қаза тапқандар арасында Сауд Арабиясы, Бангладеш, АҚШ, Мысыр, Иордания, Сирия, Палестина және Судан азаматтары бар. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, шабуылға Йемендегі хуситтер жауапкершілікті өз мойнына алған. Сондай-ақ қауіп туралы ескерту жүйесі іске қосылмағаны хабарланды.

Бұл – соңғы бір апта ішінде Эр-Рияд әуежайына жасалған үшінші шабуыл. Оқиғадан кейін бірқатар рейс басқа әуежайларға бағытталып, әуежайдың жұмысы уақытша тоқтатылған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі хусит жасақтарының Сауд Арабиясындағы азаматтық инфрақұрылым нысандарына адам шығынына әкелген шабуылдарын қатаң айыптады.

Ведомствоның мәлімдеуінше, мұндай әрекеттерге гуманитарлық тұрғыдан жол беруге болмайды әрі олар халықаралық құқық нормаларын бұзады. Министрлік шабуылдар Йемендегі ахуалды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігерге нұқсан келтіріп, қақтығысты саяси жолмен реттеуге кедергі келтіретінін атап өтті.

«Шабуылдарды дереу тоқтатуға және дағдарысты тек саяси-дипломатиялық құралдар арқылы шешуге шақырамыз», –делінген Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Сонымен қатар Қазақстан Сауд Арабиясымен ынтымақтастығын растап, Корольдіктің БҰҰ Жарғысына сәйкес өз егемендігі мен қауіпсіздігін қорғауға құқылы екенін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтарының оқиғадан зардап шеккендер арасында бар-жоғын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен жараланғандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Yorumlar
Diğer Haberler