Трамптың өтінішімен Путин 7 жылға сотталған америкалық азаматты босатты

173
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ZXNkP37zHhHD1DxOkQrOkImE3TDWRW4ZE0ast3rN.jpg

Фото: Moscow City Court Press Service/ Reuters

2022 жылы Украинада Ресей әскери күштері ұстаған АҚШ азаматы Стивен Хаббард босатылды. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин 21 қазанда Санкт-Петербургте АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен кездесуі кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.

Ресей басшысының айтуынша, 73 жастағы Хаббард қазір Санкт-Петербургтегі Пулково әуежайында жүр.

Кездесу барысында Стивен Уиткофф Хаббардтың босатылғаны үшін АҚШ президенті Дональд Трамптың және Америка Құрама Штаттарының атынан Путинге алғыс білдірді. Оның сөзінше, бірнеше күн бұрын ол Хаббардтың ұлымен кездескен. Ол шіркеуде дін қызметкері болып жұмыс істейді.

Бұған дейін Дональд Трамп журналистерге Ресей президентінен америкалық азаматты босатуды сұрағанын растаған. Сондай-ақ ол Хаббард мәселесі бойынша бұған дейін де күш салынғанын айтып, бұл істі шешуде өз үлесі бар екенін мәлімдеген.

«Маған сеніңіздер. Бұл туралы айтқым келмейді. Хаббардты босату үшін мен қызметке келгенге дейін-ақ ұзақ уақыт бойы күш салынған. Мен басқалар істей алмайтын нәрсені істеп жүрмін», – деді Трамп.

Стивен Хаббард – зейнеткер, бұрын әртүрлі елдерде жұмыс істеген ағылшын тілі мұғалімі. Ол 2014 жылдан бастап Украинаның Изюм қаласында тұрған.

Ресей тергеуінің мәліметінше, Украинадағы толық ауқымды соғыс басталғаннан кейін Хаббард табыс табу мақсатында қалалық аумақтық қорғаныс батальонына қосылған. Алайда кейін өз өміріне қауіп төнгендіктен, бөлімнен кеткен.

2022 жылғы сәуірде оны Ресей әскери күштері ұстаған. Ал 2024 жылғы қазанда сот оны жалдамалылық бабы бойынша алты жыл он айға жалпы режимдегі колонияға қамау туралы үкім шығарған.

Сотта Хаббард кінәсін мойындағанымен, кейін аумақтық қорғаныс құрамында немесе басқа да қарулы бөлімшелерде ешқашан қызмет етпегенін мәлімдеген. «Саяси тұтқындарды қолдау. Мемориал» құқық қорғау жобасының хабарлауынша, оның әскери бөлімдерде қызмет еткенін растайтын деректер табылмаған. Украина билігі де мұндай қызметті растайтын дәлелдер анықтамаған.

AFP агенттігінің хабарлауынша, Хаббард түрмеде «үнемі соққыға жығылған». АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің әкімшілігі кезінде америкалық билік Ресей азаматқа консулдық көмек көрсетуден бас тартты деп айыптаған.

Yorumlar
Diğer Haberler