Атырау облысында бұрынғы күйеуі төрт туысын өлтірген Ақбаян Мұқанғалиева жағдайы туралы алғаш рет сұхбат берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
КТК телеарнасының хабарлауынша, қазір ол психологиялық оңалтудан өтіп, балаларын өз қамқорлығына алуды мақсат етіп отыр.
Ақбаян Мұқанғалиева ата-анасынан, бауыры мен қарындасынан айырылған. Алайда ол әлі күнге дейін жақындарының қаза тапқанын білмейді. Туыстары мамандардың кеңесіне сүйеніп, әзірге оған қайғылы жағдайдың мән-жайын айтпауды жөн көрген.
«Мамандар оған шындықты естуге әлі дайын емес екенін айтты. Қазір бар ойымыз – оның аяғынан тұрып кетуіне көмектесу», – дейді туысы Әсилә Мұқанғалиева.
Туыстарының айтуынша, бесінші баласын ауыр босанғаннан кейін Ақбаянға ота жасалып, өмірінің белгілі бір кезеңі есінен өшкен. Қазір ол балаларын таниды, олардың есімдері мен туған күндерін есінде сақтаған. Әйел балаларын апта сайын барып көреді.
Еске салайық, Ақбаянның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиев оның ата-анасын, бауыры мен қарындасын өлтіргеннен кейін әйелді өзімен бірге Индонезияға алып кеткен. Алғашында Ақбаянның өзі де күдікке ілінген. Алайда психиатриялық сараптама нәтижесінде оның ауыр психологиялық жағдайда болғаны анықталып, күдік одан алынып тасталған.
