Комиссия ортақ шешімге келе алмады. Үміткерлер мемлекеттік сыйлықтан мақрұм қалды

322
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/EsIXT9i4gvNkKe93Xj7vEjjLGDCwgQ42cOOddPyD.jpg

Елімізде биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілмейді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақордаға сілтеп.

Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен 2026 жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті.

Жиында комиссия мүшелері әдебиет, театр, музыка және бейнелеу өнері бағыттары бойынша конкурстың екінші кезеңіне өткен жеті туындыны қарады.

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев ұсынылған еңбектердің қоғамда талқылану барысы туралы баяндады.

Дауыс беру нәтижесінде комиссия мүшелері биылғы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған туындылардың ешқайсысына қатысты ортақ шешімге келе алмады.

Сонымен қатар отырыста комиссия жұмысын жетілдіру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, шығармаларды бағалау талаптарын қайта қарау, сараптамалық сүйемелдеу тетіктерін жетілдіру және конкурстық іріктеу рәсімдерін жүйелеу жөнінде ұсыныстар айтылды.

Осылайша, 2026 жылы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық иегерлері анықталмады.

Айта кетейік, 10 маусымда комиссия мүшелері әдебиет және өнер салалары бойынша Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған 32 жұмысты қараған. Дауыс беру қорытындысы бойынша Комиссия конкурстық іріктеудің келесі кезеңіне өткен үміткерлерді анықтаған да еді.

Абай атындағы сыйлық екі жылда бір рет беріледі.

2024 жылы мемлекеттік сыйлық ақын Светқали Нұржанға «Көкірегім көне кітап» жыр кітабы,  жазушы Құлбек Ергөбекке «Адамның бір қызығы бала деген» кітабы, авторлық ұжым Әлібай Бапанов пен Сәуле Бапановаға «Көшпенді фрескалар» киізден бастырылған паннолары топтамасы мен «Әлем өрнектері» гобелендер топтамасы, суретші Жанұзақ Мүсәпірге «Балалықтан даналыққа жол» топтамалар жинағы үшін берілген.

Yorumlar
Diğer Haberler