Әйелі актер күйеуінің «сектаға өтіп кеткенін" айтты

228
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/P4iqg1MCkD0nv9MgAPrPE03mMXQyt43J2tM3IAI3.jpg

Танымал қазақстандық режиссер әрі актер Нұртас Адамбайдың жұбайы Ғалия Адамбай әлеуметтік желіде отбасындағы келіспеушіліктер туралы жазды. Оның айтуынша, күйеуі белгілі бір топтың ықпалына түсіп, бұл жағдай отбасы мүшелеріне, соның ішінде балаларына да кері әсерін тигізіп отыр, деп хабарлайды “Адырна”.

Ғалия Адамбай Instagram парақшасында бірнеше жазба жариялап, психолог Төребек Бекбаевтың ұстанымдарын сынға алған. Ол Нұртас Адамбай әлі күнге дейін өзі «төребекшілдік» деп атайтын көзқарастың ықпалында екенін мәлімдеді. Әйелдің сөзінше, бұл жағдай отбасындағы қарым-қатынасқа және балалардың тәрбиесіне байланысты мәселелер туындатқан.

«Секта осылай жұмыс істейді. Балалар мен әйелдер зардап шегеді. Барлық құжаттар мен мамандардың қорытындыларын ұсынамын. Оның да уақыты келеді. Әзірге мен үшін балаларым бірінші орында», – деп жазды ол.

Ғалия Адамбай отбасындағы келіспеушіліктердің басым бөлігі балалардың тәрбиесі мен денсаулығына қатысты болғанын айтады. Атап айтқанда, үш жасар қызының тісін тазалату, балалардың дұрыс тамақтануы және қажет болған жағдайда дәрігерге қаралуы мәселесінде қиындықтар туындағанын жеткізді.

«Үш жасар балаңның тісін тазалату үшін күн сайын күресуге тура келетін үйде өмір сүру – азап. Өйткені әкесі қызының өз еркінен тыс бірдеңе істеуіне қарсы. Балаларға дұрыс, құнарлы тамақ беру де мәселеге айналды. Бала ауырып қалса да, дәрігерге апармай, өздігінен жазылғанын күту керек дейді. Құдай көмектеседі дейді. Дәрігер жазып берген дәрілерді ішкізуге де қарсы. Бала өзі қаламаса, оны емдеуге болмайды деп есептейді. Бұл – Нұртас Төребектің сектасынан үйге алып келген сандырақтың, тас дәуірінен қалған түсініктердің жүзден бір бөлігі ғана», – деді Ғалия.

Ғалия бұл жағдайдың бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ күйеуінің өз денсаулығына мұқият қарап, дұрыс тамақтанып, қажетті дәрілерін қабылдайтынын айтып, балаларға қатысты көзқарасын түсінбейтінін білдірді.

Ғалия бастапқыда тек Төребек Бекбаевтың «сектасы» туралы айтып, өз отбасындағы жағдайды көпшілікке жария еткісі келмеген. Алайда, оның айтуынша, күйеуі қоқан-лоққы көрсетіп, түрлі әрекеттерімен мазасын алғандықтан, соңғы бес жылда отбасында не болғанын ашық айтуға мәжбүр болған.

«Бұл туралы енді айтпаймын деп шешкен едім. Бірақ күйеуім қорқытып, жөнсіз әрекеттерімен мені қайта сөйлеуге мәжбүрлеп отыр. Мәселені бейбіт жолмен шешу мүмкін болмай тұр. Сондықтан соңғы бес жылда көрген-білгенімді айтуды жалғастырамын», – деп жазды ол.

Әйел алдағы уақытта өз сөздерін растайтын құжаттар мен мамандардың қорытындыларын жариялауға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Нұртас Адамбайдың айтқандары мен әрекеттеріне жауап бермейтінін жеткізді.

Айта кетейік, Нұртас Адамбай мен Төребек Бекбаев бұған дейін дін және рухани мәселелерді талқылайтын Nuradam атты діни-ағартушылық жобаға бірге қатысқан.

Yorumlar
Diğer Haberler